Құқық қорғау органдары

Петропавлда 2 адамды көлік қағып кетті

Петропавлда 1 тәуліктің ішінде 2 адамды көлік қақты! Алғашқы оқыс жағдай бейсенбі күні кешкі 6-лар шамасында Пушкин мен Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында орын алды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағымен өтпек болған 15 жасар баланы “ВАЗ” машинасы соқты.

Абырай болғанда бала дін аман. Оған ауруханада көмек көрсетіліп, үйіне жіберіліпті. Ал бүгін таңғы сағат 7 кезінде Назарбаев және Сүтішев көшелері түйіскен жерде 48 жастағы нәзікжандыны қағып кеткен. Салдарынан азаматша дене жарақатын алды. Полицейлер жүргізушілерді абай болуға шақырады. Әсіресе, көктайғақта сақтық ережелерін қаперде ұстау қажет. Және желтоқсанның 1-іне дейін жазғы дөңгелектерді қысқыға ауыстырған жөн. Егер тиісті талап орындалмаса, көлік иесіне 12 мың теңге көлемінде айыппұл салынады.

Байболат  Култанов