Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Тайынша ауданының тұрғындарын қабылдады

Ауыл жұртын нендей мәселелер толғандырады? Осыны білу үшін кеше аймақ басшысы Тайынша ауданына барып, халықпен тілдесті. “Nur Otan” алаңындағы қоғамдық қабылдауда Құмар Ақсақалов 7 азаматтың базынасын тыңдады. Бірі жолдың жайын баяндаса, екіншілері жаңа мектеп салып беруді сұрады.

Облыс әкімінің Тайыншадағы қабылдауына Роза Бодаева Зеленый Гай ауылынан келген. Алайда, бұл 60 шақырымды еңсеру нағыз сынақ дейді зейнеткер. Елді мекеннің 500-ге жуық тұрғынын жол түйткілі толғандырады. Оның жағдайының нашарлығы соншалық, көлік шыдас бермейді екен, ал жуырда тіпті автобус қатынауын тоқтатқан.

Роза Бодаева – Зеленый Гай ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– 10 жыл бойы үздіксіз күн сайын Көкшетауға қатынаған автобус жүргізушісі 1,5 жыл бұрын жолдарың жаман деп жүрмей қойды. Кейін Көкшетаудағы автопарк бізге ГАЗель бөлген еді, бірақ ол да көп ұзамай тоқтады. Негізі, ауылдың болашағы зор. Моншамыз, мейрамханамыз, мектебіміз бен балабақшамыз бар. Бірақ, адамдар, әсіресе, жастарм ақырындап көшіп кетіп жатыр. Бәріне – жол мәселесі себеп.

Бұл Зеленый Гай тұрғындарының ғана бас ауруы емес. Ұзындығы шамамен 100 шақырымды құрайтын жол тағы 4 ауылды байланыстырады. Өңір жетекшісі түйткілден хабардармыз деді. Жаңадан жол салу қыруар қаржыны талап етеді. Мұны бюджет көтермейтін көрінеді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 1 шақырымға асфальт төсеу құны – 180 млн теңге. Біз мұндай шығындарға бара алмаймыз. Бірақ, шешім бар. Ясная Полянаға дейін асфальт, ал ары қарай қиыршық тас төсеуге болады. Бірден емес, әрине, кезең-кезеңімен. Алдағы 3-4 күнде маған дайын жоспарды көрсетіңіздер.

Қабырғалары мен төбелері жарылған, ал жертөледегі спортзалды су басқан – бұл Вишневка селосындағы мектептің қазіргі жағдайы. Өткен жылы, тіпті 3 бірдей сыныптың төбесі опырылып түсіпті. Мектеп былтыр апаттық деп танылған. Алайда, амал нешік, құлайын деп тұрған ғимаратта 108 оқушы әлі де білім алып жатыр. Ата-аналар комитетінің төрайымы Анна Панкова балаларымызды сабаққа жанымызды шүберекке түйіп жібереміз дейді.

Анна Панкова – Вишневка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Мектепте мұғалімдер бөлмесі былай тұрсын, асхана мен шешіну бөлмелері жоқ. Балаларымыз дәлізде тамақтанып, киім ауыстырады. Жарты ғимарат жабулы тұр. Ауыл болып, талай рет жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырдық, тіпті мәжілісмендерге хат жаздық. Бәрі тек ауызша уәдемен шектелді. Мектеп – бұл ауылдың тірегі. Ол болмаса, бәрі көшіп кетеді. Мәселе шешілмесе, оқушылар білім алу үшін басқа селоға баруға мәжбүр болмақ.

100-ден астам баланы күн сайын көрші ауылға тасымалдау оңайға соқпасы анық. Осы орайда Вишневка тұрғындары жаңа мектеп салып беруді сұрады. Қазіргісі жөндеуге келмейді. Ауылдықтардың бұйымтайы алдағы 2 жыл ішінде орындалмақ. Аймақ басшысы уәде берді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мектеп міндетті түрде салынады. Өйткені, Вишневка – шынымен де болашағы бар село. Ақша бөліп, 125 орындық ғимараттың жоспарын әзірлейміз. Алайда, жаңа мектеп салынып біткенше қауіпсіздік үшін балаларды басқа ауылға тасу керек болады. Тиісті көлік қарастырылады.

Тайыншалық “Донецкое Нұрлыжол” шаруашылығының өкілі де әкімнен көмек сұрай келді. Проблема өзекті. Осымен екінші рет серіктестік Чехиядан асыл тұқымды мал әкелмекші. Құжаттар да, ірі қара да сақадай сай тұр. Алайда, симменталдар Қазақстанға кіре алмайды. Ауыл шаруашлығы министрлігі бұған тыйым салған.

Марат Ибраев – СҚО ветеринариялық бақылау инспекциясының басшысы:

– Қазақстандық шаруашылықтардың көбі шетелден малды ресейлік делдалдар арқылы импорттайды. Биыл олардың бірі құжаттарды қолдан жасап, Чехиядан асыл тұқымды емес, тауарлық ірі қараны жеткізген. Енді бұл ресейлік компания шығындарды өтемейінше малды аталған мемлекеттен ел аумағына кіргізуге рұқсат жоқ.

“Донецкое Нұрлы жол” ресейлік делдалдармен емес, тікелей чехтармен келісімге отырған. Ал мал белгіленген уақытта жеткізілмесе, агроқұрылымды айыппұлдар күтіп тұр. Сиырлардың асыл тұқымды екенінде күмән жоқ, сондықтан тыйым негізсіз. Құмар Ақсақалов мұнымен келісті және проблеманы көпке созбай шешпекке қолына телефонын алды.

Әкім елордаға хабарласты. Тұтқаның арғы жағында – ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы Арман Өтеғұлов. Жағдайды тыңдаған ол түйткілді тез арада шешуге тырысып бағамын деді.

Кейін өңір жетекшісінің алдына Валентина Спутникова келді. Жалғызбасты зейнеткер толқынысын жасыра алмады, бірақ көмек сұрамасқа амал жоқ. Қысқа отын мен көмір дайындай алмай отырмын дейді. Өйткені, зейнетақысы күнкөрістен қалмайды.

Валентина Спутникова – Тайынша қаласының тұрғыны:

– Өткен жылы пешім жарамай қалды. Енді оны жөндеу керек. Ал бір машина отын – 9 мың, көмірдің 1 тоннасы 14 мың тұрады. Менің қалтам көтермейді мұны. Сондықтан, қол ұшын созсаңыздар деймін.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрине, көмектесеміз. Ардагер екеніңізді ескере отырып, қажетті көмір әкеліп береміз, уайымдамаңыз.

Ал мұғалім Ерлан Тлеутай Тайынша қаласында көпқабатты тұрғын үйлер салынса дейді. Педагогтар мен дәрігерлерге. Негізі бүгінде, аудан орталықтарында тек жалдамалы баспана тұрғызылады. Олар тек көпбалалы және аз қамтылғандарға арналған. Ал жалпы пәтер кезегі жыл санап үлкейіп келеді. Тайыншада мұндай кезекте 800-дей адам тұр. Алайда, ел бойынша тиісті бағдарлама жоқ, механизм қарастырылмаған.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрине, біз жас мамандардың туған ауылдарына келіп, жұмыс істеуін қолдаймыз. Бірақ, әзірге баспана салу мүмкін емес. Сіз менің алдыма үлкен мәселе тастадыңыз, оны шеуге тырысатын боламын. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жаңа бағдарлама әзірлеп, баспананы өңір бюджеті есебінен салу жолдарын қарастырамыз.

Бұқараның мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешудің ең оңтайлы жолы – диалог. Сондықтан, мұндай қабылдаулар барлық аудандарда өтпек. Тайыншада Құмар Ақсақалов 7 азаматпен тілдесті. Бүгінге дейін қоғамдық қабылдаулар Қызылжар ауданы мен Петропавлда өтті.

Саят Ермек