Қоғам

Ұлттың тірегі де, алтын арқауы да – қазақтың әжелері

Ұлттың тірегі де, алтын арқауы да – қазақтың әжелері. Осындай атаумен облыс орталығында әжелерді ұлықтау кеші өтті. Алқалы жиынға 40-қа жуық ақ жаулықты ана қатысты. Олар жиналғандарға ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтары жайлы кеңес берді.

Ел болам десең бесігіңді түзе. Бүгінгі шараның мақсаты – асыл әжелердің ұлағатты сөздерін жастарға насихаттап, бойларына ұлттық тәрбиені сіңіру.

Күлімкөз Смаилова – облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы:

– Біз бүгін қазақ әжелерін ұлықтау үшін мереке өткізіп жатырмыз. Мұнда ақ жаулықты әжелеріміз өз ақыл-кеңестерін айтады.

Халқымыздың баланы тәрбиелеуінде – бойларына асыл қасиет жинап, қазақи болмыстан айырылмаған әжелеріміздің алар орны ерекше. Тарих пен салт-дәстүр дәріптелген жиында сөз алған әжелер ұлттық тәрбиенің артықшылығына тоқталып, жиналған көпшілікке тағылымды насихат айтты.
Сапура қажы Тәшенова 7 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейуана бірнеше рет Меккеге барған. Ол өзінің өмірден көргенін, білген-түйгенін жастарға айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.

Сапура қажы Тәшенова – облыстық “Қызылжар” орталық мешіті жанындағы әжелер мектебінің мүшесі:

– Жастарымыз ақылды болу керек. Ер азаматтарымыз намысты болып, елімізді қорғай алулары керек. Қыздарды үлкен болса әпкем деп, кіші болса қарындасым деп сыйлай білулері тиіс.

Әженің ақылы мен тәрбиесін алған ұл-қыздар иманды, арлы, өнегелі болып өседі. Ақ жаулықты аналардың ғибратты әңгімесін тыңдауға қаладағы барлық қазақ мектептерінің қыздары жиылған. Қазыналы қарияларымыздың айтқан ақыл-кеңесімен сусындап отырған бұрымдылардың қатарында Ақлима Есенова да бар.

Ақлима Есенова – “әл-Фараби” мектеп-лицейінің оқушысы:

– Әжелер бізге көп ақыл-кеңес берді. Адал, еліміздің патриоты болу керек екенімізді айтты.

Жиын барысында әжелерге сыйлықтар таратылып, ән мен биден шашу шашылды.

Бердимурат Баймухан