Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Nur Otan” партиясы фракциясының отырысы өтті

Ала жаздай өсірілген астықтың жартысынан көбі шикізат күйінде экспортқа шығарылады. Себебі, теріскейде дақылдарды өңдейтін кәсіпорындардың саны аз. Дәл осындай жағдай балық шаруашылығында да орын алып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов “Nur Otan” партиясы фракциясының отырысында айтты.

Орақ науқаны аяқталды. Биыл диқандар 3 млн тоннадай бидай жинады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан 1 гектардан 150-200 мың теңгедей пайда түсті. Өкінішке қарай, агроқұрылымдардың барлығы бірдей табысты жұмыс атқара алмады. Әлі күнге дейін өлкемізде 7-10 центнер алтын дән бастыратындар бар. Бұл ретте аймақ басшысы жерді әртараптандыруды қолға алу қажеттігін қадап айтты. Оған қоса аграрийлер астықты егіп қана қоймай, күн-түн демей танап басында болып, берекелігін арттыру үшін тырысып бағулары қажет. Жауапты шаруаның барысын қадағалау / көшбасшы партияның фракция өкілдеріне жүктелді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ала жаздай өсірген астықтың 500 мыңы – келесі жылы жерге сіңірілетін болады. 150-160 мыңы пайға беріледі. 23 пайызы қайта өңдеуге жіберіледі. Ал, қалған 1,5 млн тоннадан астамын шикізат күйінде эскпортқа жөнелтеміз. Неге біз оны өз жерімізде өңдеп, саудаламаймыз?

Бидайды шикізат күйінде сыртқы нарыққа шығару бұрыннан қалыптасып қалған үрдіс. Аграрийлердің де еті әбден үйренген. Диқандар ғана емес, басқа саладағы кәсіпкерлер де тауарды өңдеп бас қатырмайтын көрінеді. Осындай мысалдардың бірін аймақ басшысы келтірді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің өңірде пелядь балығын өсірумен айналысатын 30 кәсіпорын бар. Өнім омбылықтарға саудалануда. Көрші елдің кәсіпкерлері балықты 500 теңгеге сатып алады. 300 шақырым жолды еңсеріп, өздерінде оны өңдейді. Кейін қайтадан теріскейге әкеліп, 2500 теңгеге сатады. Біз неге оны өзіміздің қолымызға алмаймыз?

Өңірде ақсап тұрған салалардың бірі – денсаулық сақтау. Аймақта бала мен ана өлімі әлі де азаяр емес. Проблема кадр тапшылығы мен қуатты техниканың аздығынан орын алып отыр дейді мамандар. Қазір мәселені түбегейлі түрде шешу үшін ақ халаттылар тартылып, заманауи қондырғылар алынуда. Ал, 2,5 жылдан кейін шаһарда су жаңа көпбейінді аурухана пайда болады. Ал, құрылыс саласындағы білікті мамандардың жетіспеушілігі қалай бір жақты етіледі? Облыста бой көтеріп жатқан ғимараттардың саны артуда. Бірақ, оны сапалы тұрғызатын өз ісінің шеберлері аз. Салдарынан нысандар қолданысқа кеш тапсырылады. Әрі кейін ағаттық та табылып жатады.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Смирнов селосында тұрғызылған үйдің бір қабырғасы құлады. Нысанның құрылысына кім жауапты? Баспана қолданысқа тапсырылғанда құжаттарға кім қол қойды? Бұның барлығын тексері қажет? Нұр Отан партиясының фракция өкілдері қайда қарап отыр? Проблема туындағанда сіздер бірінші болып барлығын анықтауларыңыз керек.

Жөнді бақылаудың жасалмауы қандай нәтижеге әкеп соқтыратынын көріп отырмыз. Алдағы уақытта бұған жол бермеу қажет. Мәселен, биыл 700 шақырым жол жөндеуден өтті. Шаруа келесі жылы да жоспарлы түрде жалғасын табады. Тек облыстық маңыздағы бағыттар емес, аудан орталықтарында да тиісті жұмыс жүргізілмек. Сондай-ақ, болашағы бар елді мекендердің ауылішілік жолдары да қалыпқа келтіріледі. Істің барысын «Nur Otan» партиясының фракция өкілдері қадағалаулары тиіс. Қатемен жұмыс жасап, аумақтарды дамыту бағдарламасын дұрыс іске асыру қажет.

 

 

Эльмира Садвокасова