Аймақ басшысы Қызылжар ауданында қоғамдық қабылдау өткізді

МТРА жаңалықтары

21:08 31 Қазан 2019

Қоғамдық көліктің мүшкіл жағдайы, жол мен көпірдің нашарлығы және әлеуметтік нанның тапшылығы. Осы және өзге де мәселелер Қызылжар ауданының тұрғындарын толғандырады екен. Өзекті проблемаларды жұртшылық аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа тікелей жеткізе алды. Өңір жетекшісі Бескөлде қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуде облыс әкімі 8 азаматтың ұсыныс-шағымдары мен базыналарын тыңдап, шешілу жолдарын сөз етті.

Зәуре Қалмұрзинова – Шаховское ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Біздің ауылда көбі қалада жұмыс істейді. Жол бізге өте керек болып тұр.

Шаховское тұрғындарының базынасы бұл. Зәуре Қалмұрзинова жол мәселесін облыс әкімінің соңғы есептік кездесуінде көтерген. Кейін ауылға апарар 14 шақырымдағы ой-шұқырлар жамалыпты, бірақ қайыр аз болған бұдан. Сондықтан, 800-ге жуық адамға тиіп тұрған қалаға жету – әлі күнге дейін проблема. Жолды күрделі жөндеп берсеңіздер, арманымыз жоқ дейді зейнеткер. Аймақ басшысының жауабы – сәл шыдамдық танытып, күте тұру қажет.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кезек-кезегімен бұл жолдарды біз қалпына келтіре аламыз. бәрін бірден істей алмаймыз, оны білесіз, түсініп отырсыз. Бірақ негізгі жоспарларымыз бар. Келесі жылы орындалмаса да, 2021 міндетті түрде жөнделеді.

Соколовка селосының тұрғыны Мария Батаева болса сөзін ризашылықтан бастады. Өңір әкімінің жұмысына зейнеткердің көңілі толады екен.

Десе де, проблемалар бар. Ең маңыздысы – айта-айта жауыр болған Соколовка көпірінің жағдайы. Тозығы жетіп тұрған ол 7 бірдей ауылды байланыстырады. Ал көктемгі тасқында тұрғындар айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Өйткені нысанды су шаяды. Жаңа көпірдің келесі жылы салынып қалуы ғажап емес. Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданының әкімі Жанат Сәдуақасовқа жоба дайындап қоюды жүктеді, ал қажетті ақша бөлінеді.

Ал бұл – Бескөлдің оңтүстік-шығысы. Халық оны “Санта-Барбара” дейді. Шағын аудан жыл санап үлкейіп келеді. Қазірдің өзінде 500-ге жуық үй бар. Бала саны жеткілікті. Бүгінде 350-ге жуық оқушы білім алу үшін ауылдың екінші шетіне баруға мәжбүр. Сондықтан, жұмысын тоқтатқан мына ескі маяктың орнына биыл мектеп тұрғызу шешілген еді. Алайда, бұқара арасында оқу ошағы басқа жерде салынады деген сыбыс жүрсе керек. Қазақта “халық айтса, қалып айтпайды” деген сөз бар емес пе?!

Зияда Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ол жерде салынбайды, басқа жерлер тағайындалған деп естіп, ренжіп қаламыз. Бізге бұл орын жақсы, мектеп салынса тұратын жеріміз көркейер еді, асфальт төселіп, жақсы болады ғой.

Халықтың сұрауын Зияда Жапарова облыс әкіміне жеткізді. Құмар Ақсақалов мәселенің ақ-қарасын ажыратып, нүктесін қойып берді.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2-3 жерді қарадық, бірақ өткен аптада сол маяқтың орнын бекіттік. Сол жерде құрылыс басталайын деп жатыр. Сондықтан, келесі жылдың аяғына қарай армандарыңыз орындалады.

Зейнеткерді бұл жаңалық, әрине, қуантпай қоймады. Десе де, Зияда апай тұратын аудан халқының тағы бір базынасы бар. Ол – қоғамдық көлікке қатысты. Биылғы жазда жоғарыда аталған “Санта-Барбараға” жаңа “101а” маршруты қатынайтын болды. Алайда, оның жұмысы жұртшылықтың көңілін көншітпейді екен.

Зияда Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ескеі автобустарды жібереді, олар кейде сынып қалады. халық тосады, келетін-келмейтінін білмейді. Жүріп жүр, бірақ ара-қашықтығы 2-2,5 сағат, көп тосамыз. Сосын барып, жексенбі күні – демалыс, ал біздің жүргіміз келеді, қыдырғымыз келеді.

Себеп қарапайым болып шықты – тасымалдаушы компания бұл маршрут көп пайда түсірмейді деп отыр екен. Сондықтан болар, ескі автобустарды жібереді, олар 2 сағат сайын жүреді. Бұл сылтау Құмар Ақсақаловтың қатаң сынына ұшырады.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл дұрыс емес қой! Маршруттың тиімді-тиімсіздігін аудандық, облыстық комиссияларды құрып, апталап тексеру керек. Қоғамдық көлік, ең алдымен, жұртшылық үшін жұмыс істеуі тиіс.

Анатолий Дудников болса әкімге әлеуметтік нанның жайын баяндады. Биыл оның бағасы былтырғыдай қалды, яғни 63 пен 85 теңгенің арасында болады. Десе де, арзан ас атасын Бескөлдегі дүкендерден табу қиын дейді зейнеткер. Көбіне оны іздеп ауылдағы жалғыз супермаркетке баруға тура келеді екен. Әлеуметтік нанның бағасын ұстап қалу үшін облыс әкімдігі қосымша шығынданып, қыруар шаруа атқарды. Жұмыс пен ақша зая кетпес үшін бақылауды күшейту керек деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әлеуметтік нан қай дүкенге қандай көлемде жеткізіліп жатыр? Сауда орындары оны қажетті көлемде алып жатыр ма? Осыны ұдайы тексеріп отыру керек. Кей кәсіпкерлер арзан ұннан пісірілген ас атасын қымбатқа сатып, заңсыз пайдаға кенеледі. Әкімдерге бұған жол бермеуді жүктеймін.

Құмар Ақсақаловқа базынасын 8 азамат жеткізді. Қабылдау барысында Бексөлде қоқыс полигонының жоқтығы да сөз болды. Қоғамның әлжуаз топтарына арнап баспана тұрғызу мәселесі де қаузалды. Ал Архангельское ауылынан келген аграрий Абай Ыбыраев болса, шаруашылығын кеңейту үшін қосымша жайылым жер сұрап келді. Бұл түйткілдер бойынша Құмар Ақсақалов жауапты мамандарға тиісті тапсырмаларды жүктеп, олардың орындалуын жеке бақылауында ұстайтынын айтты.

 

 

 

 

 

Саят Ермек

 

Бұдан әрі оқыңыз

Еріктілер ұйымдары бірлесе жұмыс істемек
Стартапшылардың байқауы өтті
СҚО-да “Цифрландыру күндері” аяқталды
Анасы мен қызын өлтірген Игорь Дементьев 21 жылға сотталды
Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті
Петропавл халықаралық әуежайында “Ашық аспан” режимі енгізілді
СҚО-да мал ұрлау фактілері көбейген
Қазақстан мен Ресейдің 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумы
Петропавлда су құбыры жарылды
Аймақ басшысы қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысты
Мамлют ауданының өнерпаздары қорытынды концерт ұйымдастырды
«Апталық шолу» бағдарламасы 27.10.19