Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын азайту керек

Бүгін облыс әкімдігінің отырысы өтті. Алқалы жиында күн тәртібінен еш уақытта түспейтін тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстанда ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Бірақ, кейбір аудан әкімдері берілмеген тапсырмана жөнді орындай алар емес. Мұндайға жол берген атқамінерлер өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтан сын естіді.

Жиын кадрлық тағайындаудан бастау алды. ҚР табиғи монополияларды реттеу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысы қызметіне Абай Балабеков тағайындалды. Өңір жетекшісі азаматқа бүгінде өткір тұрған тарифтердің бағасын бірқалыпта ұстау қажеттігін қадап айтты. Тағы бір түйткілді мәселе – адамдарды жұмыспен қамту. Әкімдік отырысы осы тақырыпқа арналған. СҚ-да 500 мыңнан аса тұрғын бар. Жерлестеріміздің 70 пайызға жуығы еңбекке қабілетті. Оның ішінде 214 мыңы қызмет істеп, нәпақа тауып жүрсе, қалғаны – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– Биыл өңірімізде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, 12 мың жұмыс орны ашылды. Осының арқасында 11 мың адам тұрақпен еңбекпен қамтылды. Ал қалған азаматтар уақытша қызметке тұрды. Тұрғындарды жұмысқа орналастыру шаруасы Жамбыл, Айыртау ауданы мен Петропавл қаласында сылбыр жүргізіліп жатыр.

Әрбір әкімнің басты міндеті – тұрғындарға жұмыс ұсыну, олардың еңбектенулері үшін тиісті жағдай жасау. Алайда, кей аудандар ауылдағы ағайынды еңбекпен қамтудың орнына керісінше, қызметін тоқтатып жатқан өндіріс ошақтарына көздерін жұма қарауда. Салдарынан бірнеше жыл бойы табыс тауып жүрген жандар, қазір үйлерінде қол қусырып отыр. Жамбыл ауданында мұндай санатқа 4400-дей адам кіреді. Ал, М.Жұмабаевта өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың саны тіпті екі есеге көп. Екі қолға бір күрек таппағандар Ғ.Мүсірепов пен Айыртауда да жоқ емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Басқа аудандар мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, жұмыссыз жүрген жандарды қызметке тұрғызуда. Ал, сіздер бұл көрсеткішке бей-жай қарап отырсыздар. Жұмысын тоқтатып жатқан кәсіпорындар бар болса, оларға көмек көрсету қажет. Яғни, барлығын назарда ұстап, мәселе туындағанда бірден әрекет жасау керек. Өндіріс ошағы қарызға белшесінен батып, еңбеккерлерін таратып жіберсе аудан әкімдерінен не пайда?

Жыл сайын өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың санын азайту үшін мемлекет тарапынан түрлі жобалар іске қосылуда. Олардың дені – тұрғындарға бизнестің қыр-сырына үйретіп, жеке ісін ашуға бағытталған. Биыл «Еңбек» бағдарламасының аясында 17 мыңнан аса адам арнайы оқытудан өтті. Елді мекендердегі ағайын әсіресе ауыл шаруашылығы саласына ден қояды. Себебі, бүгінде егін егіп, мал ұстап, құс өсіреумен айналысамын дейтіндер үшін тиімді жағдай жасалуда.

Алмат Қожахметов – “Аграрлы несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:

– Бизнесмендерге микронесиелер 6 пайыздық үстемақымен 7 жылға дейін беріледі. Оның сомасы 500 мың мен 6 млн теңгенің арасында. Сондай-ақ, азаматтардың кепіл заттары болмаса, не оның құны кредит алуға жетпесе, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» көмек көрсетеді. Акционерлік қоғам ісін ашамын деген жандарға 85, ал кәсібін дөңгелетіп отырғандарға 50 пайызға дейін кепілдеме бере алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кепілзаттың төмен бағалануынан не мүлде жоқтығынан ауыл тұрғындарында біршама мәселе туындайтын. Қазір мұндай проблема жоқ. Бұрын-соңды бизнесмендерге бұндай жағдай жасалған емес. Жеке ісіңді бастауға немесе дамытуға жақсы мүмкіндік қарастырылған. Бірақ, аудандардың барлығы бірдей осы бағытта жөнді жұмыс істемейді.

Мәселен, биыл Аграрлы несие корпорациясы аталған мақсатқа 934 млн теңге бағыттапты. Алайда, осы күнге дейін тек 98 кәсіпкер өз жобасын қаржыландыруға ниет білдірген. Бизнесмендердің барлығына қолдау көрсетіліп, жалпы сомасы 767 млн теңге несие берілген екен. Ал қалған қаражат әлі де өз иесін таппады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар өз ісін ашудан қаймығады. Себебі, қағазбастылық көп әрі жұмысы күрделі деген қағида қалыптасып қалған. Әсіресе, ауылдықтарға бір ғана қол қою үшін шаһарға бірнеше рет келу қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Қазір әрбір аудан орталығында Аграрлы несие корпорациясының бөлімшелері жұмыс істейді. Сондағы мамандар арқылы істі тындыруға болады.

Соның өзінде де Петропавлға кемінде 3 рет келу қажет дейді мамандар. Қызылжар ауданы үшін бұл аралық түк емес, алайда уалихановтықтарға 4-5 сағаттық жолды еңсеру керек. Бұдан кейін іс бастауға ниетті жандардың көбі ойынан айнып қалатыны сөзсіз. Сондықтан, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов компания өкілдеріне шаруаның барлығын барынша аудандарда тындырып, азаматты облыс орталығына тек келісімшартқа қол қою үшін шақыртуды тапсырды. Осы орайда аудан әкімдеріне өз уәжін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры да жеткізді. Акционерлік қоғамға «Еңбек» бағдарламасының аясында 3,6 млрд теңгедей қаржы бөлінген. Алайда, оның тек 60 пайызы игеріліпті.

Абылай Нұркенов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ директоры:

– Бөлінген қаржыны игеру бойынша шаруа Мамлют, Есіл, Жамбыл, Шал ақын мен Айыртау аудандарында өте баяу жүргізілуде. Анықталғандай, кәсіпкерлердің кейбірі тіпті қаржыландырудың дәл осы түрі туралы мүлдем хабарсыз. Бүгінде 607 жоба жүзеге асырылуда. Қазір 960 млн теңге қалып отыр.

Аймақ басшысы аудан әкімдеріне жылдың соңына дейін бөлінген қаражатты игеру қажеттігін ескертті. Атқарылатын шаруа өңір жетекшісінің бақылауында болмақ.

Эльмира Садвокасова