Қоғам

Көктемгі су тасқынына әзірлік

Облыстағы 2 бірдей гидротехникалық құрылыс апаттық деп танылды. Нысандар көктемге дейін жөнделуі қажет. Осы бойынша алдағы уақытта жауапты тұлғаларға ұсыныстар жіберілмек. Бұл жайлы бүгін Есіл бассейіндік кеңесінің 16-шы отырысында айтылды.

Су тасқыны әдетте көктем айларында болады. Оған дейін біршама уақыт бары белгілі. Бірақ, қазір қол қусырып отыруға жөн жоқ. Бүгіннен барлық жағдайларды ескеріп, дайындық шараларын күшейту қажет. Мұны мамандар жақсы біледі.

Досбол Бекмағамбетов – “Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы” РММ басшысының міндетін атқарушы:

– Бассейіндік кеңестің 16-шы отырысы болып жатыр. Жиында топан су жағдайы бойынша мәселелерді талқылауға бүкіл мемлекеттік органдардың жәге гидротехникалық құрылыстардың меншік иелері жиналып отыр. Осы орайда 2020 жылдың су тасқынын талқылаудамыз.

Жиында өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың шамамен 50 пайызы күрделі жөндеуді қажет ететіндігі айтылды. Жалпы, біздің аймақта мұндай 22 нысан бар. Қазіргі таңда олардың 2-і апаттық күйде екен. Ал алтауының жағдайы – көңіл көншітпейді.

Азамат Қожанов – “Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы” РММ СҚО аумақтық бөлімінің басшысы:

– Қызылжар су, Есіл, Биопрад кәсіпорындарының ағынды суларын жинайтын нысанның жағдайы нашар. Тағы, Петропавл қаласындағы Ущев көшесінде орналасқан гидроторап та тозды. Ал, “Шарық” және “Сегіз көз” гидротораптары апаттық деп танылды. Сондықтан оларды жақын арада қайта қалыпқа келтіру қажет.

Осы орайда жиын қатысушылары жауапты тұлғаларға нысандарды жөндеу бойынша ұсыныстар жіберілетіндігін айтты. Олар алдағы көктемге дейін су тасқынына қарсы құрылыстарды ретке келтірулері міндетті.

 

 

 

Ешкенова Дана