Қоғам

Мүгедек жандар өнерлерін паш етті

Шексіз өнер. Осындай атаумен Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандардың өңірлік фестивалі өтті. Шара барысында 50-ден аса жерлесіміз ән айтты, мәнерлеп өлең оқыды, би де биледі. Өз қолдарымен жасаған бұйымдарын да көпшілік назарына ұсынды. Жалпы, 6 аталым бойынша сынға түсті.

Әйгілі “Ласковый май” тобының 80-ші жылдары жарыққа шыққан бұл әні әлі күнге дейін танымал. Сахнада – 25 жастағы Николай Гладченко. Көру қабілеті бұзылған жас жігітке зал толассыз қол шапалақтап жатыр. Бұл түсінікті, өйткені орындаушының дауысын көпшілікке аса танымал Юрий Шатуновтікінен айыру қиын.

Бір қызығы, Николай осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ән айта бастапты. Сахнада өзін емін-еркін ұстай білетін ол – бүгінде Явленкадағы кез-келген концерттің жұлдызы. 2-ші топтағы мүгедек байқаудың бас жүлдесінен үмітті екенін жасырмайды.

Николай Гладченко – Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Менің репертуарым ескі әндерден тұрады. Бұрынғы туындыларды шырқағанды жақсы көремін. Дипломдарым мен марапаттарым көп. Өнерім жиі жоғары бағаланып жатады. Ән айтуды доғарғым келмейді, музыканы жаным сүйеді.

Марат Әбдірәсіловтың бұл – үлкен сахнадағы дебюті. 65 жастағы 2-ші топтағы мүгедек көпшілікке өзі шығарған өлеңдерін оқуда. Оның қоңыр қойын дәптерінде жүрекжарды 60-тан астам жыр жазылған екен. Сөзінше, шабыт келгенде шумақтар өздігінен төгіледі. Тіпті, денсаулықтағы ақау бойдағы дарынды жеңе алмаған.

Марат Әбдірәсілов – Явленка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Паркинсон ауруы, сол аяқ пен сол қолым дұрыс істемейді. Бұл – Алланың берген бір сынағы шығар. Ауырғаныма 10 жыл болды. Кей кезде балдыздарымды көргенде шабыт келіп, әзілдеп табан астында жазып тастаймын, ал кей кезде ойға түскенде, түнде тұрып жазуға тура келеді. Мен әр-түрлі тақырыпта жазамын. Туған жер, Есіл туралы жазғанды жақсы көремін.

Өнер фестивалінің ең кішкентай қатысушыларының бірі – Валерия Завгородняя. Ол өлең шығармаса да, оны мәнерлеп оқуды жаны сүейді. Целебралды сал ауруымен туған бүлдіршін өздігінен жүре алмайды, аяқтары ұстамайды. Байқауға ол ана құрсағындағы сәбидің ойлары туралы туындыны әкеліпті. Бұл – Валерияның сүйікті шығармасы.

Валерия Завгородняя – №13 орта мектебінің оқушысы, Петропавл қаласы:

– Сахнаға шыққанда өзімді еркін ұстауға тырысамын, десе де қобалжимын. Бір апта дайындалдым, өнерім қазылар мен көрермендердің көңілінен шықты деген ойдамын.

Қаршадай қыздың өнері залды, шынымен де, бей-жай қалдырмады. Емірене көзіне жас алғандар да аз болмады. Негізі, бұл күні 50-ге жуық жарымжан сахнаға шықты. Ал шеберлер байқауға өздері жасаған бұйымдарын жіберген. Бұл – өнерде ешқандай шектеудің жоқтығының дәлелі. Денсаулықтағы ақауға қарамастан олар да қоғамның толыққанды мүшесі, олардың да бойдағы таланттарын паш етуге құқықтары бар. Фестивальдің “Шексіз өнер” деп аталуы да сондықтан.

Бақытгүл Солтанова – М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледж директорының орынбасары:

– Фестиваль барысында балалар, жастар, ересек адамадар өздерінің шығармашылық өнерін ән арқылы, қолөнер арқылы, көркемсөз арықылы, хореографиялық қабілеттері арқылы назарға ұсынды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар фестивалі дәстүрлі болғанымен, биылғы қатысушылардың көбі көпшілік алдында алғаш рет өнер көрсетті. Қарапайым сахнаға шығудың өзі олар үшін үлкен жетістік.

Ксения Кобжанова – “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жобалар үйлестірушісі:

– Балалардың суреттеріне қараңыздаршы, қандай әдемі туындылар. Ән айтатын азаматтардың дауыстары қандай керемет. Мүгедектердің арасында да дарындылар бар, бірақ көбі сол дарынды көрсетуден қысылады. Қатысушыларымыз 4 қабырғада қамалып отырған тағдырластарына ғана емес, 12 мүшесі сау адамдарға да үлгі боларлық жандар. Өмірдегі қиындықтарға қарамастан, адамның қолынан бәрі де келеді. Тек ықылас пен табандылық болса болғаны.

Ал конкурсанттар мұны дәлелдеді. Әр талант иесі көпшіліктің ыстық қошеметіне бөленді. Өздерінің сүйікті әндерін тыңдаған бірқатар көрермен, тіпті, ортаға шығып, билеп те жатты.

 

Саят Ермек