Денсаулық сақтау

Дәріханалардағы қымбатшылықты жою жайы талқыланды

Өңір дәріханаларындағы қымбатшылықты жою мәселесі бүгін облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Айта кетейік, бағаны бақылауда ұстауды ел билігі биыл мықтап қолға алған болатын. Өнімдердің шекті құны бектіліп, тіпті тиісті заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл шаралар оң нәтиже беріп отыр. Осы орайда теріскейлік қоғам белсенділері препараттардың сапасына да бей-жай қарамау керек деп санайды.

Саят Ермек – тілші:

– Теріскейліктердің тарапынан дәрі-дәрмектің қымбаттылығына қатысты шағымдар жиі түседі. Ол талай рет сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, тіпті көрші тұрған екі дәріхананың екеуінде бір препараттың құны әр түрлі. Сондықтан, бағаны заңсыз шарықтатумен күресті Қазақстан заңнамалық деңгейде жүргізіп жатыр.

Кез-келген препаратты дәріхана көтерме бағамен алып, кейін үстемемен сататыны белгілі. Осы орайда кейбір жеке меншік сауда орындары оны тым шарықтатып жібереді. Бұл да енді биліктің бақылауында. Заң бойынша, препараттың бастапқы бағасы қаншалықты жоғары болса, үстеме соншалықты төмен болуы тиіс.

Серікбай Қасмақасов, СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Мәселен, дәрінің бастапқы құны 350 теңге болса, дәріхана оны көп дегенде 55 пайызға қымбатырақ сата алады. 350 мен 1000 теңгенің аралығындағы өнімдердің үстемесі 45 проценттен аспауы тиіс. Ал алғашқы бағасы 40-пен 100 мың теңгенің аралағындағы препараттарға тек 10 пайыз ғана үстеме ақы қосуға болады.

Ал шілденің 15-і Денсаулық сақтау министрлігі әр перапараттың шекті құнын бекітті. Бұл жайлы да бірнеше рет айтылды. Қазақстанда дәрі-дәрімектің 8 мыңнан астам аталымы саудаланса, бүгінде ведомство тек 3 мыңнан астамының шекті бағасын шығарған. Егер дәріхана оны асырып жіберсе, қатаң жазаланады.

Серікбай Қасмақасов, СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– 175-тен бастап 250 мың теңгенің аралығында айыппұл салынады. Ал егер заңбұзушылық қайталанса, 6 айға дәріхананың лицензиясы тартып алынады. Ескерте кетейін, 15-ші шілдеге дейін сатып алынған дәрілерді дәріханалар бұрынғы бағамен саудалай береді.

Баға ғана емес, фармацевтикалық өнімдердің сапасы да бақылауда болуы тиіс деп санайды қоғамдық кеңес мүшелері. Сөздерінше, кей дәріханалар жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, ал кейбірі тіпті жасанды тауарларды сатады. Алайда, Серікбай Қасмақасов мырзаның айтуынша, мемлекеттік органдар жеке меншік дәріханаларға барып, негізсіз тексеріс жүргізе алмайды. Өйткені, шағын және орта бизнес сол тексерістерден босатылған. Тек дәріден улану фактісі тіркелгенде ғана ревизиямен баруға болады екен. Тиісті бақылауды неге қоғамдық ұйымдарға жүргізбеске, мәселен ардагерлер кеңесіне?

Ескендір Елеусізов – облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Дәрі-дәрімекті зейнеткерлер көп тұтынады емес пе? Олар осы тексерістерді еш қарсылықсыз жүргізер еді. Ардагерлер кеңесі кез келген дәріханаға барып, бастапқы баға мен үстеменің сәйкес келуін, препараттардың жарамдылық мерзімін бақылауға дайын. Бірақ, заң бойынша бұл мүмкін бе?

Мұндай қоғамдық тексерістердің методикасы қазір министрлік деңгейінде әзірленіп жатыр екен. Жуық арада бұл мүмкін болмақ. Бұдан өзге, қоғамдық кеңес мүшелері тағы бір түйткілдің пернесін қозғады.

Саят Ермек – тілші:

– Егер азамат дәрінің шамадан тыс қымбат екенін байқаса, ол өңірлік тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне шағым түсіре алады. Бірақ, тұрғын бұл ведомствоның мекен-жайы мен телефон нөмірінен хабарсыз болса, базынасын қалай жеткізеді? Осы орайда, қоғамдық кеңес мүшелері әр дәріханаға департамент жайлы мәліметті іліп қою керек деген ұсыныс тастады. Серікбай Қасмақасов бұл бұйымтайды орындауға тырысатынын жеткізді.

 

 

Саят Ермек