МТРА жаңалықтары

Петропавлға Ресейден бір топ делегация келді

Ресейлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктердің арасындағы байланыс нығаюда. Петропавлға көршілес мемлекеттің шекаралас аймақтарынан бір топ делегация келді. Ұйым өкілдері қазір шаһардың киелі жерлерін аралап жүр. Сонымен қатар, теріскейліктермен бірлесіп, тың жобаларды жүзеге асыруда.

Ойлары ұтқыр, өзіндік идеялары бар, бастысы қоғамға пайдасын тигізгісі келетін жандар. Мына залға Ресей мен СҚО-ның белсенділері жиылған. Бұл – әдеттегідей жиын емес, тәжірибе алмасып, болашақта бірге жұмыс жасауға бағытталған отырыс. Шараға «Союз женщин России» қоғамдық бірлестігінің Ямал-Ненец аймақтық бөлімшесінің өкілдері де ат салысуда. Нәзікжандылардан тұратын ұйым болғандықтан, олар ең бірінші кезекте ел ішіндегі, мемлекет арасындағы бірлікті сақтауды ұран етуде. Көздегендерін әйелдер отбасылық оқу мен театр жобасы арқылы жеткізбекші. Яғни, меймандар теріскейге Корней Чуковскийдің «Крокодил» спектаклін әкеліпті. Осыдан тура 113 жыл бұрын ол алғаш рет Ресей жерінде сахналанған болатын. Алайда, ауызбіршілік, түсіністік пен ынтымаққа шақыратын қойылым халық арасынан қолдау таппапты.

Ольга Беседина – «Союз женщин России» ҚБ Ямал-Ненец аймақтық бөлімшесінің төрайымы:

– 1916 жылы Ресей Империясында қазан төңкерісі орын алды. Спектакль дәл осы оқиғаның алдында қалың көпшілікке ескерту ретінде қойылған болатын. Алайда, ешбірі мән берген жоқ. Алдағы уақытта біз мұндай келеңсіздіктерді болдырмауымыз қажет. Шығарманың басты идеясы да сол. Қойылымды жергілікті өнер иелерімен бірге сахналаймыз. Ерекшелігі – тек кәсіби актерлер ғана емес, қарапайым адамдар да ат салыспақ. Әртістердің бірнеше отбасын таңдадық, енді бір-екі күн ішінде барлық труппа дайындалып, теріскейліктерге спектакльді ұсынатын болады.

«Союз женщин России» бұл жобаны 3 жыл бұрын Қырғызстанға апарыпты. Сол елдің өнерлі жанұяларымен бірлесіп сахналанған қойылым жұртшылықтың көңілінен шыққан екен. Солтүстікқазақстандықтарға да спектакль ұнайды деген ойда ұйымдастырушылар. Ал, жергілікті «Жандостар» мен қорғандық «Открытый мир» ұйымдары болса, бірлескен жобаларын балалар мен жасөспірімдерге арнапты. Өскелең ұрпақтың тарих жөнінен білімдерін арттырып, өзге ұлт пен ұлыстың мәдениетін таныту үшін екі жақ бір-біріне саяхат жасайды.

Людмила Беличева – «Открытый мир» Қорған облыстық балалар ұйымының төрайымы, РФ:

– Қорған облысы мен СҚ арасындағы қашықтық көп емес. Біз көршілес орналасқан аймақтарда тұрамыз. Бірақ, бір-біріміздің мәдениет, салт-дәстүрімізбен аса таныс емеспіз. Жас ұрпақ мүлдем хабарсыз. Сондықтан, осы жобаны қолға алдық. Қорғаннан теріскейге 30 шақты бала келді. Бүгін қазақ мектебіне бардық. Оқушылар бізге ұлттық ойындарын көрсетіп, әдет-ғұрыптары туралы мағлұмат берді. Енді шаһардағы барлық киелі жерлер мен музейлерді аралап шықпақпыз.

Александр Штро – «Жандостар» облыстық балалар қауымдастығының төрағасы:

– «Жандостар» қауымдастығы жобаға алғаш рет қатысып отыр. Тамыз айында 30 солтүстікқазақстандық бала Қорғанның «Тобыл»деген демалыс орнына барды. Бізді өте жылы қарсы алды. 5 күн бойы жасөспірімдер семинар, тренингтерге қатысып, сол жердің мәдениетімен етене жақын танысты. Жаңа достар тауып, бүгінде оларды өздерінің туған жерлерінде қарсы алуда.

Жобалардың барлығы Ресей Федерациясы Президентінің гранты арқылы жүзеге асырылуда. Шара соңында қос тарап өкілдері өзара меморандумға отырды. Енді екі жақ алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істемек.

Эльмира Садвокасова