Қоғам

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтілді

Қазанның соңғы жексенбісі – Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні! Осыған орай Жастар сарайының акт залында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында еңбегімен ерекшеленген маңдайалды мамандар марапатталды. Оларға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.

Әлеуметтік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

Кейін әлеуметтік қорғау жүйесінде еңбек етіп жүрген бірқатар жанға өңір жетекшісінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттарын табыс етті. Қошеметке бөленгендердің арасында Бәтима Әмрина бар.

Нәзікжанды Ғабит Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 11 жыл тер төгіп жүр.

Бәтима Әмрина – Ғабит Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Көңіл күйім жақсы. 11 жылда алғаш рет марапаттап жатыр. Мен өте қуаныштымын. Менің жұмысымды осылай бағалап жатқанына алғысымды білдіремін. Біздің салада жұмыс істеу қиын. Біз азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындаймыз, мүгедектерге қол ұшын созамыз.

Сонымен қатар, шарада тамыздың 15-і мен қазанның 20-сы аралығында өткен “Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері” республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Мұнда “Үздік медициналық – әлеуметтік мекеме” номинациясы бойынша Тайынша ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығы топ жарды. Мекеме 1993 жылы құрылған екен. Қазіргі күні мұнда психикалық ауытқуы бар 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге ем көрсетіледі.

Людмила Журавлева – Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, Тайынша ауданы:

– Біздің орталық 2010 жылдан бері 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Қазіргі күні мекемедегі 446 адамға ем көрсетеміз. Олардың басым бөлігінің туысқандары жоқ. Оған қоса біз әр салада белсенділік танытып, үнемі облыстық, республикалық сайыстарға қатысып тұрамыз. Бүгін, міне солардың бірінде жеңімпаз атандық. Мен өте қуаныштымын.

Сөз соңында айта кетейік, қазіргі таңда өңірдегі 111 мыңнан аса адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Олардың қатарында көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған жандар да бар. Жиын мерекелік концертпен аяқталды.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы