ҚоғамТұлға

Герольд Бельгердің туғанына – 85 жыл

Биыл “Ұлтым неміс болса да жүрегім қазақ” деген теріскейлік қайраткер Герольд Бельгердің туғанына – 85 жыл. Гера аға – тау тұлға. Қазақ әдебиеті мен ұлы даладағы ұлтаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан жан. Өкінішке қарай, еліміз біртуар жазушысынан 2015-тің ақпанында айрылып қалды. Алайда, Бельгер артынан өшпес мұра қалдырды. Жерлесіміздің мерейтойы қарсаңында бүгін Петропавлда дөңгелек үстел мен ғылыми конференция өтті.

Жазушы, сыншы, аудармашы, публицист, оған қоса әдебиет зерттеушісі мен қоғам қайраткері. Мұның бәрі – тау тұлға Герольд Бельгер туралы. Жерлесіміздің өмірден озғанына – 5-ші жыл. Көзі тірі болса тура үш күннен соң Гера аға 85-ті еңсерер еді.

Бұл – жергілікті университет қабырғасындағы республикалық конференция. Шараның Гера ағаның өмірі мен шығармашылығына арналғаны айтпаса да түсінікті болар. Мінберде – Президент архивінің бас сарапшысы Евгения Чиликова. Бұл архивте Бельгердің де жеке қоры бар екен. Оны жазушы 99-шы жылы өз қолымен сыйға тартқан. Автографы қойылған кітаптарынан бөлек мұнда оның мыңға жуық құжаты сақтаулы. Тіпті, Михаил Сергеевич Горбачевқа жолдаған хаты да бар. Бұл хатта Бельгер не жазды?

Евгения Чиликова – ҚР Президенті архивінің бас сарапшысы:

– Ол Кеңес үкіметіне мәжбүрлі түрде депортацияланған немістердің проблемасын алғашқы болып көтерді. Ұлы Отан соғысынан кейін аталған ұлт өкілдері Одақта ұзақ жылдар бойы қыспақ көрді. Оларды “фашистер” деп айыптады. Герольд Бельгер Горбачевтан немістерге теңдік беруді сұрады.

Герольд Бельгердің өзін тәрбиелеп өсірген қазақ халқына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Жеті жасында Еділ бойынан Есіл бойына жанұясымен жер аударған ол теріскейдегі қарапайым қазақ ауылында туып-өсті. Сондықтан, қазақ тілінде қазақтан кем сөйлемейтін. Көп сұхбаттарының бірінде Гера аға 2-ші сыныпта оқып жүргенде жазушы болуды армандағанын айтады. Ал есейгенде қазақ, орыс пен неміс әдебиеттерін ұштастырған тау тұлғаға айналады.

Ботагөз Тағұдретова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары:

– Абай мен Гете атты еңбегінде ол кісі: “Мен өзім неміспін, бірақ мен Гетені Абай арқылы таныдым”,-дейді. Ол кісінің тіл жанашыры болғанын да білеміз. тіл – халықтың руханияты, дүниетанымы. халықтың көзқарасы осы қазақ тілінде жатыр. Сондықтан біз тілімізге немқұрайлы қарамай, оның рөлін асқақтатуымыз керек деген мәселелерді қозғап кетті.

Герольд Бельгердің 85 жылдығына арналған шара бүгін облыстық кітапханада да өтті. Көзі тірісінде 50-ден астам кітап жазған қайраткердің көптеген туындылары “Қазақстанның нағыз патриоты” атты көрмеге қойылды. Сөрелердің бірінде жазушының қазақ тілді оқырманға арнаған жалғыз кітабы – “Мұнар тау”-ды да байқадық. Ақнұр Базарбекованың жарық дүниедегі алғашы күні Бельгердің отбасымен байланысты. Оның анасын сол кезде ауыл дәрігері болған Гера ағаның әкесі Карл Бельгер босандырып алған екен. Ақнұр Базарбекова қазір қала колледждерінің бірінде Герольд Бельгерге арналған музейге жетекішілік етеді.

Ақнұр Базарбекова – Гуманитарлық-техникалық колледжіндегі Г.Бельгерге арналған музей-бөлімінің меңгерушісі:

– Көп еңбектерін оқыдым, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. ГТК-дағы музейді ашқан уақытта, елге барып бірнеше заттары мен көптеген материалдарын жинақтадық. Гера ағамызды қазір халықаралық деңгейде де көтеріп жатыр. Былтыр Ұлыбританияда ағамыздың бірнеше шағырмасы ағылшын тіліне аударылды.

Бельгердің шығармашылығының әдебиетте алатын орны ерекше. Оның романдары, повесть-әңгімелері әдеби қауымдастықта аса жоғары бағаланды. Гера ағаның өзі де тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші болып “Парасат” орденінің кавалері атанды. Өзге де марапаттардың тізімі ұзақ. Біртуар қайраткердің мерейтойын Қазақстан ел болып атап өтуде. Осыдан екі күн бұрын оңтүсік астана – Алматы көшілерінің біріне оның есімі берілді. Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында да Гера ағаның көшесі бар. Бұл бастама бүгінде Петропавлда да қарастырылып жатыр.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек