МТРА жаңалықтары

Франциялық инвестор теріскейде шошқа өсіру кешенін ашпақшы

Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов франциялық бизнесмен Патрик Хоффманды қабылдады. Қос тарап биыл осымен екінші рет жүздесіп отыр. Облыс басшылығы шетелдік кәсіпкермен бірлесе, өңірде ауқымды жобаны жүзеге асырмақшы. Нақтырақ айтсақ, инвестор бізде заманауи шошқа өсіру кешенін салмақ ниетте.

Құйылатын инвестицияның жалпы сомасы шамамен 200 млн еуроны құрамақ. Айта кетейік, мұндай кешен осымен 15-ші жыл көрші Ресейде жемісті жұмыс жасауда. Екінші кәсіпорынды іске қосу үшін қалталы француз біздің облысты таңдап отыр. Өз кезегінде бұл /өлкеде мыңға тарта жаңа жұмыс орнын ашып, экспорт көлемін біршама арттыруға септеспек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы рет біз 7 ай бұрын кездесіппіз. Осы уақыт аралығында біздің мамандар Липецк қаласына барып, фермаңызбен танысып қайтты. Оларға бәрі ұнаған көрінеді. Ал сіз наурыздан бері облысымызды аралап, іргелі кәсіпорындарымызды көрдіңіз.

Патрик Хоффманн, франциялық инвестор:

-Біз алғаш рет жүздескенде бұл жоба тек теория жүзінде болған еді. Ол кезде Қытаймен шекара жабық болған, сондықтан сәл жүрексінген жайымыз бар. Қазір шекара ашылды, яғни өнімді көрші елге еш кедергісіз экспортқа шығаруға болады. Сондықтан, Солтүстік Қазақстанда жұмыс істеу еш қиындық тудырмайды деген сенімдемін.

 

 

Саят Ермек