Қоғам

Жуырда ашылған “Асыл мирас” аутизм орталығының жұмысы

Қазанның 3-і күні аутист балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың тілегі орындалып, Петропавлда “Асыл Мирас” орталығы ашылған болатын. Қазір мұнда 20-ға тарта ерекше балғынға көмек көрсетіліп жатыр. Сауықтыру сабақтары тәмамдалған соң кезегімен тағы 150 бала қабылданады. Мұнда жеткіншектер үшін барлық жағдай жасалған. Орталықта білікті мамандар жұмыс істейді, заманауи қондырғылар да бар.

“Асыл мирас” орталығы ашылғалы бүгін – небәрі 20-шы күн. Қазірдің өзінде мұнда 18 балақай тәлім алады. Біз келгенде мамандар бірнеше жеткіншекпен жұмыс жасап жатыр екен.

Бұл шақта конференц-залда ересектер өзекті проблеманы дастархан басында талқылауда. Статистикаға сүйенсек, теріскейде 400-ден астам бала аутизмге шалдыққан. Ал бізге белгісіздері қаншама. Көбіне ата-ана баланың бойындағы бұл ауытқу жайлы тіс жарудан қысылады, кейбірі, ақауға тіпті мән бермейді. Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, осы орайда депутаттар, ардагерлер мен қоғам белсенділерінің көмегі керек.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Қаншасы әлі үйде отыр. Сондықтан қоғамдық кеңесті шақырып отырмыз, олар көптеген адамдармен кездеседі. Осы біздің жария етіп отырған жұмысымыз ертеңгі күні әрбір тұрғынның құлағына жетсін деген мақсат қойып отырмыз. Ата-аналарды шақырып отырмыз, келсін, балаларын диагностикадан өткізсін, одан кейін мамандар арнайы жұмыс жүргізіп, балаға көмек берсін деп.

Жасырын емес, ауытқу қаншалықты ерте табылса, баланың қоғамға бейімделіп, толыққанды өмір сүру мүмкіндігі соншалықты артады. Төрткүл дүниеге танымал болған аустистер тарихта да, бүгінгі күнде де баршылық. Әйгілі неміс физигі – Альберт Эйнштейн, “Майкрософт” компаниясының негізін қалаушы – Билл Гейтс, танымал актер Энтони Хопкинс – бұған айқын мысал. Біздің ерекше балақайлар да болашақта осындай жетістіктерге жете алады.

3,5 жасар Алуаның “Асыл Мирас” орталығына келіп жүргеніне екінші апта болыпты. Аутизм белгілерін ата-анасы оның бойынан 1 жарым жасында байқаған. Әжесінің сөзінше, кішкентай қыз қасық ұстай алмай, адам көп жерде жылаған екен. Туғандары мұның не кесел екенін білмей дал болады. Нақты диагноз балғынға емханада қойылады.

Сұлушаш Болатова – қала тұрғыны:

– Алдында ақылы түзету орталығына бардық. “Асыл Мирас”-тың ашылатынын білгеміз жоқ. Қызым инстаграммнан көрді. Өзгерістер бар. Қазір амандасу мен қоштасуды біледі. Бұрын адамның көзіне тік қарамайтын, қазір қарайды, тыңдайды.

Қызметтердің бәрі тегін, бастысы – аутист жеткіншектерге уақытылы әрі сапалы көмек көрсету. Орталық қызметкерлері тиісті курстардан өткен. Ерекше балалармен мұнда 12 маман жұмыс істейді. Әр балғынға жеке-жеке көңіл бөлінеді.

Наталья Крылова – “Асыл Мирас” аутизм орталығының жетекшісі:

– Алдымен баланы диагностикадан өткіземіз. Кейін оның бойындағы ауытқуға сәйкес келетін бағдарламаны таңдаймыз. Олардың саны – бізде 6-ау. Курс 3 айға шақталған. Бала аптасына екі рет келіп, 1-1,5 сағат осында болады. Ең маңыздысы – ата-ана баламен бірге болып, онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйренеді. Бұл оған болашақта көмектеседі.

Аутизм мәселесінің өзектілігі жыл санап артып барады. Сондықтан, осы сынды орталықтарды аудандарда да ашу – жоспарда. Тайыншада сәйкес оңалту орны бар, ал Аққайың ауданында қарашада ашылады. Петропавлдағы мекемені облыс әкімдігінің Болат Өтемұратов қорымен бірлесе ашқаны белгілі. Жуық арада қор қосымша 50 млн теңге бөліп, барокамера атты қондырғы сатып алмақшы. Ол аутист балғындардың миын қажетті оттегімен қамтиды. Бұған дейін бұл процедураны жасау үшін ата-аналар шекара асып, Ресейге баруға мәжбүр болған.

 

 

Саят Ермек