Мәдениет

Университет қабырғасында неміс мәдениеті күндері өтуде

Би биленіп, ән шырқалды. Тәтті-дәмділер мен түрлі бұйымдар көрмеге қойылды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да неміс мәдениеті күндері өтіп жатыр. Шара аясында студенттер неміс халқының тарихы, салт-дәстүрі және асханасымен танысты.

“Полька” деп аталатын флешмоб мерекелік кешті жандандырып жіберді. Мұнда студенттер неміс халқының ұлттық биін бір кісідей биледі, ән де шырқады. Тағы жастар қызыққа толы ойындарды да ойнап жатыр.

Кейін ұл-қыздар көрмені аралады. Бұл жерде студенттер неміс халқының мәдениетімен, салт-дәстүрі және тарихымен танысты.

– Іс-шара өте көңілді өтіп жатыр. Неміс халқының тарихы жайлы көп мағлұмат білдік.

– Мұндай шаралар бізге өте қызықты. Университетімізде неміс халқының ұлттық билерін билеп, әндерін шырқап жатырмыз.

Көрмеге неміс халқының ұлттық тағамдары да қойылды. Олардың арасында көпшілікке танымал кребль де бар. Бұл кәдімгі бауырсаққа ұқсайды. Бірақ, атауы мен пішіні басқаша. Ол ұн, айран, қант сынды дүниелерден жасалады екен. Мұнда немістердің дастарханынан түспейтін бәлішті де кездестіруге болады.

Эльвира Родина – «Видергебурт» неміс этномәдени орталығының мүшесі:

– Бәлішті әжелерімізден қалған рецепт бойынша жасаймыз. Оны барлығымыз сүйсініп жейміз. Әсіресе, балаларымыз бен немерелеріміз жақсы көреді. Сондықтан, оларға үнемі таңғы асқа дайындап береміз. Тағы, бәлішті мерекелерде әзірлейміз.

Ал мына жерде немістердің Рождество мерекесінен сыр шертетін түрлі бұйымдарды көруге болады. Мәселен, бұл 4 майшам тұратын гүлдесте. Ондағы майшамдар бір-бірден желтоқсанның 25-іне дейін әр жексенбіде жағылады екен. Оның өзіндік мәні бар. Мұндай дәстүр қараңғылық пен жамандық атаулы жанұямыздан кетіп, төрімізге жақсылық кірсін дегенді білдіреді.

Людмила Гривенная – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:

– Іс-шараның мақсаты – студенттерге неміс халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру. Менің ойымша, бұл жиын ұл-қыздарға ұнады. Енді қазанның 25-сі күні университетімізде Герольд Бельгердің 85 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Университет қабырғасында неміс мәдениеті күндері қазанның 25-і күні аяқталады. Кейін мұндағы студенттер үнді халқының тарихы, салт-дәстүрімен кеңірек танысатын болады.

Ешкенова Дана