МТРА жаңалықтары

Аймақ басшысы қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысты

20 жыл бойы тұралап тұрған ғимаратқа екінші өмір сыйланбақ. Береке ықшам ауданындағы бетоннан тұрғызылған нысанда  келесі жылы “Qyzyljar” арнайы экономикалық субаймағы орналасатын болады. Осы аптада мұнда қалыпқа келтіру шаралары бастау алады. Бұл туралы қаладағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Тағы өңір жетекшісі Жас Өркенде бой көтеріп жатқан 18 қабатты үйлердің тұрғызылуын бағамдады. 108 пәтерге шақталған баспаналардың бірі қолданысқа үстіміздегі жылдың соңында тапсырылмақ.

Соңғы жылдары Жас Өркен адам танымастай өзгерді. Әлеуметтік маңызы бар нысандардан бөлек, тұрғын үйлер де көптеп бой көтеруде. Биік, әдемі әрі заманауи. Елордалық баспаналармен тең түсетін шаһарымыздағы алғашқы 18 қабатты үй биыл халық игілігіне тапсырылмақ. Баспананың тек сырты ғана емес, іші де таңдай қақтырарлық болады дейді мердігерлер. Жобаны «Зерттеу СК» компаниясы жүргізіп жатыр. Пәтер кілттеріне үстіміздегі жылдың соңында “7-20-25” бағдарламасының қатысушылары қол жеткізеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жобаның әлеуеті зор. Тұрғындар тарапынан сұраныс та аз емес. Алдағы уақытта ол артып жатса, 18 қабатты үйлерді тұрғызуды жалғастырамыз.

Нысанның аумағы аббаттандырылып, автотұрақ та жасалмақ. Шаһарда пайда болатын тағы бір 108 пәтерлі зәулім үйдің құрылысына «Основание» серіктестігі жауапты. Жұмысты компания жуырда ғана бастапты. Баспананың іргетасы енді қалануда.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:

– Жоспар бойынша біз бір айдың ішінде екі қабатын тұрғызамыз. Жыл соңына дейін төртеуі бой көтереді. Ал, келесі жазда нысан тұтас дайын болады. Ішкі жұмыстарын жүргізіп, 2020-ның соңына дейін тапсырамыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жұмысты тездетіп, пәтер кілттерін иелеріне ертерек табыстау қажет. Халық тағатсыздана күтіп отыр. Баспананың бағасы да, орналасқан жері де өте ыңғайлы. Тиісті аббаттандыру шаруасын жүргіземіз. Жалпы, биыл қолданысқа 2240 пәтер тапсырылады. Былтыр халық игілігіне 2068 пәтер берілген болатын. Келесі жылы бұл көрсеткішті одан да арттыруымыз қажет.

Халықтың сұранысын қанағаттандыруға жергілікті компаниялар дайын. Бірақ, туындайтын проблемалар да жоқ емес. Кірпіш теріскейде өндірілмейтіндіктен оны өзге өңірлерден әкелу қажет. Логистикаға кететін шығынды есептегенде бір-біреуінің құны 10 теңгеге шығады екен. Аймақ басшысы мәселе алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді. Облысымызда кірпіш зауытын тұрғызу жоспарда бар. Сондай-ақ, цемент шығаратын шағын кәсіпорын да іске қосылуы мүмкін. Осылайша, қаладағы, оның ішінде Жас өркендегі құрылыс қарқыны одан бетер артатын болады. Яғни, білдей бір ауданды электр көзімен қамтитын қосалқы станция қажет. Нысан 2018-дің соңында тұрғызыла бастапты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір жылдан-жылға электр энергиясын тұтыну деңгейі артуда. Алдағы уақытта жақын маңда арнайы экономикалық аймақ та құрылмақ. Ірі кәсіпорындар ашылады. Сондықтан, осы қосалқы станцияны тұрғызуды жөн көрдік. Нысан шағын ауданды жарықпен үздіксіз қамтитын болады.

Жобаның іске асуына 2 млрд 227 млн теңге бағытталыпты. Бүгінде қаржының дені игерілген. Нысан қолданысқа желтоқсан айында тапсырылмақ. Оның ерекшелігі сол, станция әдеттегідей аспан астында емес, ғимарат ішінде орналаспақ.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жұмыс сәл ақырын жүргізілді. Сондықтан, жоспардан қалып қойған болатынбыз. Қазір шаруа реттелді. Станцияға қажетті қондырғылар алынды. Алдағы уақытта оларды орнатпақпыз. Ешқандай мәселе туындамайды деген ойдамыз.

Мақсат – нысандарды тек жаңадан салу ғана емес, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей, тұралап қалғандарына жан бітіру. Береке ықшам ауданында орналасқан мына ғимарат 20 жыл бойы іске жаратылмаған. Құрылысы басталып, кейін сол қалпында қалыпты. Енді мұнда арнайы экономикалық субаймақ орналасатын болады.

Асылбек Бағанов – жобалаушы компанияның өкілі:

– Ғимарат осыған дейін қолданыста болмаған, су жаңа. Бетондарды сараптамадан өткіздік. Барлығы талапқа сай, тиісті шаруаны жүргізуге болады. Бүгін «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісім шарт жасастық. Ертең компания шатырды қалыпқа келтіру жұмыстарын бастайтын болады. Жұма күні электр энергиясы тартылып, келесі аптада нысанды жөндеуге толық кірісеміз.

Нысанның сыртқы жұмыстары жыл соңына дейін аяқталса, шаруа толығымен келесі жылдың мамырында өз мәресіне жетпек. Ғимарат барлық халықаралық стандарттарға сай жасалынады дейді жобалаушылар. Аймақта кеден штабы да орналасады. Нысан 3D дуалмен қоршалмақ. Айнала жасыл желектер отырғызылады. Себебі, бұл экожоба болмақ. Әкімдік тарапынан толықтай аббаттандыру жұмыстары қарастырылған. Шаруа келесі жылы бастау алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Субаймаққа темір жол тарту қажет. Экспортқа шығатын тауарлардың барлығын бірден вагондарға тиеп жіберетін боламыз. Келесі жылы Береке ықшам ауданы осылайша жаңа кейіпке енеді. Көшенің арғы бетінде баспаналар тұрғызылады. 458 пәтерге шақталған 4 үйді осы жерде саламыз деп жоспарлап қойдық. Емхана мен өрт сөндіру депосы да тұрғызылады.

Берекедегі жолдарды асфальттау мен жарықтандыру мәселелері де шешіліп жатыр. Келесі жылы ықшам аудандағы көшелерді толықтай жарықпен қамту – жоспарда. Жер үйде тұратын жұртшылықтың да тілегі орындалмақ. Келесі жылы көшелерге қиыршық тас төселеді.

 

Эльмира Садвокасова