Аптадағы маңызды жаңалықтар

Түлектерді жұмыспен қамту сылбыр жүргізілуде

Биыл ғана қолдарына дипломдарын алған колледж түлектерінің 25 пайызы жұмыспен қамтылмаған. 300 қыз-жігіт қазір екі қолға бір күрек іздеп жүр. Тәжірибесі жоқ жастарды кәсіпорындар қызметке алуға құлықсыз. Мәселені қалай шешуге болады? Бұл туралы бүгін аймақ басшысының жетекшілігімен өткізілген әкімдік отырысында айтылды.

Жиын кадрлық тағайындаудан бастау алды. Бір апта бұрын босаған облыс әкімі аппараты жетекшісінің креслосына Олжас Ідірісов жайғасты. Ол осыған дейін Австрия мемлекетіндегі Қазақстан елшілігінде, Президент басқармасы мен әкімшілігінде жұмыс істеген. Енді еңбек жолын теріскейде жалғастыратын болады. Кейін отырыс әдеттегідей өрбіді. Алғашқы сұрақ түлектердің екі қолға бір күрекпен қамтылуына қатысты. Жақсы қызметкер болу үшін алдымен дұрыс мамандық пен оқу орнын таңдау қажет. Соңғысы бойынша теріскейлік түлектер алыс-жақын шетелге таңырқай қарайды. Осылайша, жергілікті университетке келетін қыз-жігіттердің саны жылма-жыл азайып барады. Алдағы уақытта халықаралық статусты иеленемін деген оқу орны қазірдің өзінде талапкерлерді жинай алмауда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Университеттегі студенттердің санын 10 мыңға жеткізуіміз қажет. Қазір жергілікті жоғарғы оқу орнында 7300 қыз-жігіт білім алуда. Биыл кейбір мамандықтар бойынша оқуға түскен талапкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда аз. Мәселен, жалпы медицинада білім алуға ниет білдіргендердің саны 127-ге кем. Осындай проблема тағы агрономия мен машина жасау мамандықтарында кездеседі.

Университет пен колледж оқытушылары жыл сайын кәсіби бағыт-бағдар беру шараларын жүргізеді. Енді тіпті шағын академия да ашпақ ниетте. Бұның барлығы студенттерді өзімізде алып қалу үшін. Үкімет тарапынан да көрсетілетін қолдау аз емес. Мемлекеттік гранттардың саны әжептәуір ұлғайып, биыл түлектердің 74 пайызы тегін оқуға қол жеткізіпті. Алайда, төрт жыл бойы білім алу бір бөлек, ал сол білімді іс жүзінде көрсету – басқа әңгіме. Түлектер қолдарына дипломдарын алғаннан кейін жұмыс істеудің орнына, оны іздеп сеңделеді.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Биылғы жылы өңір колледждерінен 3539 түлек түлеп ұшты. Осылайша, 11 салаға қажетті мамандарды даярладық. Бүгінде қыз-жігіттердің 66 пайызы жұмыспен қамтылған. 900-дейі білімдерін жалғастырып, әскери борыштарын өтеп жатыр. 25 пайызы екі қолға бір күрекпен қамтылмаған.

Тәжірибелері жоқ, жұмыстан мүлдем хабарсыз. Дәл осы себептермен кәсіпорындар жаңа ғана колледж бітірген түлектердің алдынан есікті тарс жабады. Практикамен қамту үшін оқу орындарында «Дуалды білім беру» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бірақ, аптасына бір-екі рет өндіріс ошағына бару жеткіліксіз. Осылайша, 4 жылға созылатын оқудың 80 пайызға жуығы тек теория жүзінде қалыптасып отыр. «Радуга» серіктестігі енді білікті мамандардың келуін күтпей, өздері даярламақ. Алдағы уақытта компания Бескөлде шағын колледж ашатын болады.

Дмитрий Шарапаев – «Радуга» ЖШС бас директоры:

– Бізге қондырғыларда жұмыс істей білетін студенттер қажет. Олар тек теориялық сабақтарға қатысса, станоктарда еңбектенуді қайдан білсін? Алдағы уақытта жастарды осы бағытта дайындаймыз деп шештік.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздерге білікті кадрлар қажет болса, оларды даярлауға өздеріңіз де ат салысыңыздар. Өңір колледждерін ірі кәсіпорындарға бекітіп берейік. Осылайша, оқу орнын бітірген түлектер қондырғылардың құлағында ойнайтын болады. Білім ордаларын «Атамекен-Агро», Севказэнерго мен Петропавл ауыр машина жасау зауыты сияқты іргелі өндіріс ошақтарына бекітейік.

Жастарды жұмыспен қамту шаруасы сылбыр жүргізілетін аудандардың әкімдеріне де тиісті тапсырма жүктелді. Мәселен, Айыртау, Есіл, Ғ.Мүсірепов пен Қызылжардың түлектері маусым айынан бері бос жүр. Қыз-жігіттерді екі қолға бір күрекпен қамту қажет. Ең бастысы уақытша емес, тұрақты қызметке тұрғызған жөн. Шаруаның атқарылуын өңір жетекшісі қатаң бақылауда ұстамақ.
Бірде құны шарықтайды, бірде төмен түседі. Назардан тыс қалмайтын тағы бір өзекті мәселе – азық-түліктердің бағасы. Келесі орақ науқанына дейін тұрғындардың уайымсыз жүрулері үшін тұрақтандыру қоры жақсы қамданыпты.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Бүгінде біздің қорымызда өткен жылдан қалған 385 тонна қант, 4,3 тонна қарақұмық, 20 л күнбағыс майы бар. Алдағы маусымға олардың көлемін тағы арттыратын боламыз. Сондай-ақ, қырыққабат, күріш, макарон өнімдері, пияз бен сәбіз сатып алдық. Соңғысының 160 тоннасы әкелінеді. Ол келесі жылдың қыркүйегіне дейін 83 теңгеден саудаланады.Тұрғындарды арзан пиязбен қамту үшін 200 тоннасы алынды.

Ал, картоптың бір келісіне теріскейліктер 70 теңге жұмсайтын болады. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін көкөністің 440 тоннасы сатып алынған. Күріш – 300, қарақұмық 150 теңгеден өткізілмек. Ең бастысы, азық-түліктердің құны келесі қыркүйекке дейін 1 теңгеге де көтерілмеуі тиіс. Алайда, кейбір аудандарда дүкен ұстайтын кәсіпкерлер бағаны қазірдің өзінде шарықтатып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыс бойынша күріштің орташа бағасы – 310 теңге. Аудандарда оған логистикаға кететін шығын қосылады. Бірақ, кейбір кәсіпкерлер бағаны тіпті шарықтатып жібереді. Мәселен, М.Жұмабаев ауданындағы Новотроицкое селосында ақ маржан – 390, ал Бәйтеректе 420 теңгеге өткізіліп жатыр. Соңғысы қалаға жақынырақ орналасқан. Бұндай мысалдар аудандар бойынша жететін. Мен жағдайды бақылап отырмын. Күнделікті ауылдық округ әкімдері азық-түлік бағасын назарда ұстаулары қажет.

Осылайша дүкен иелері бекітілген бағаға мән бермей, ойларына келгенін істеуде. Сонда тұрақтандыру қоры азық-түліктерді несіне алып жатыр деген сұрақ туындайды. Кәсіпкерлердің оңай жолмен молынан пайдаға кенелуіне жол берілмеуі тиіс. Өсу байқалып жатса, тұрғындардың қалтасын қағатын бизнесмендер жазаланатын болады. Қазір жұртшылық нанның бағасына да алаңдаулы. Бұл ретте аймақ басшысы әлеуметтік нанның құны тұрақты күйінде сақталатынын жеткізді.

 

Эльмира Садвокасова