Денсаулық сақтау

СҚО-да 2 мың әйел сүт безі обырына шалдыққан

Ақ халаттылар дабыл қағуда! Үстіміздегі жылы 161 нәзік жанды онкологиялық диспансЕрдің тіркеуіне қойылған. Әйелдерде сүт безі обыры анықталыпты. Жылдан-жылға қатерлі ісіктің дәл осы түріне шалдығу жағдайлары көбейіп барады. Дертті толықтай жеңудің амалы бар.

Солтүстік Қазақстан – қатерлі ісікке шалдыққандардың саны бойынша ел ішінде бірінші орында. Бұл кеуде қағатын статистика емес. Бүгінде теріскейде 10 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Өкініштісі сол, тұрғындар маман көмегіне тек жағдай қатты ушыққанда ғана жүгінеді. Сондықтан, ақ халатты абзал жандар науқастардың барлығын бірдей ажалдан арашалап қала алмайды. Жылдар бойы онкологиялық диспансердің дәрігерлері дабыл қағып келеді. Бірақ, бұған мән беріп жатқандар аз. Ісіктердің арасында ең жиі кездесетіні – сүт безінің обыры.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

– Сүт безінің обырына шалдыққандардың саны өткен жылмен салыстырғанда өсті. Биыл тіркеуде 2049 адам тұр. Олардың 161-і ағымдағы жылы есепке қойылды. Айта кету қажет, дені диагностикадан ісіктің ерте кезеңінде өтті. Тек 5 пайызы ғана соңғы сатысына жеткенде көмекке жүгінді. Егер ауру дами бастаған кезінде анықталса, науқас толық айығып кете алады.

Бұған дәрігерлер 90 пайыздық кепілдеме беріп отыр. Нәзікжандылардың тексерістен өтуіне бүгінде барынша жағдай жасалған. 40-тан асқан әйелдер үшін әр 2 жыл сайын тегін скрининг өткізіледі. Себебі, қатерлі ісік жасы ұлғайған нәзікжандыларда жиі кездеседі екен. Үйде отырып, оны жедел респираторлық вирус немесе қызылша сияқты бірден анықтауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан, денсаулығына күтіммен қарайтын әр адам міндетті түрде дәрігерге баруы тиіс.

Руслан Нұркеев – №2 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі:

– 9 айдың ішінде 2-ші қалалық емханада 3100 нәзікжанды бақылаудан өтті. Олардың 11-інде сүт безі обыры анықталды. 8-інде қатерлі ісік енді дами бастаған екен. Біздің емдеу мекемесінде әр екінші сенбі мамандар қабылдау жүргізеді. Жұмысбасты жандарға дәл осы күні келіп, барлық диагностиканы жасатуға кеңес береміз.

Соңғы жылдары сүт безі обыры жас қыздарға да қауіп төндіруде. Экология, фаст-фуд аз да болсын қатерлі ісіктің пайда болуына әсер етуі мүмкін.

Сүт безі обырын ерте анықтауға арналған айлық аясында облыстық онкологиялық диспансерде қазанның 26-сы ақ халаттылар қабылдау жүргізеді. Алдымыздағы сенбі күні әр нәзік жанды тексерістен өте алады.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова