Спорт

«Qulager» хоккейшілері өскемендік «Altai Torpedo» құрамасына есе жіберіп алды

Кеше кешке теріскейлік «Qulager» хоккей клубы «Altai Torpedo» құрамасын қабылдады. Алғашқы матчта қонақтардың айы оңынан туды. Олар жерлестерімізді 0:3 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша солтүстікқазақстандық ұжым чемпионатта 5-ші мәрте қатарынан жеңіліс тапты.

Кездесудің алғашқы кезеңінде бірден есеп ашылмады. Қос команданың ойыншалары біраз уақыт бір-бірінің осал тұстарын аңдып жүріп алды. Ақыр соңында мұндай тактикалық ойын қонақтарға оң нәтиже берді. Матчтың 15-ші минутында «Altai Torpedo» клубының өкілі Семён Богачёнок теріскейлік қақпашыдан айласын асырып кетті.

Сөйтіп, бірінші жиырма минуттық та аяқталды. Матчтың екінші кезеңінде жерлестеріміз таразы басын теңестіре алған жоқ. Керісінше есеп айырмасын ұзартып алды. Периодтың соңғы секундтарында қарсылас команданың шабуылшысы Евгений Лызин шайба авторы атанды.

Сонымен 2-ші кезең аяқталды. Есеп – 0 де 2. Әзірге, өскемендік команда алда тұр.

– «Altai Torpedo» командасы жастар ғой. Көрініп тұр жастардың ойындары.

– Жерлестеріміз 3-ші кезеңде есепті теңестіреді деп ойлаймын. Қазір хоккейшілерге тек қана шапшаңдық керек. Менің пайымдауымша бүгінгі матч 2:2 есебімен аяқталады.

Дегенмен, солтүстікқазақстандық спортшылар 3-ші периодта жанкүйерлердің сенімін ақтамады. Жерлестеріміз есепті теңестірмек түгілі бірде-бір шайба соқпады. Керісінше өскемендіктер жарады. Олар басымдықты одан әрі арттырып, есепті 0:3-ке жеткізді. Осылайша кездесу аяқталды.

Ильгиз Нуриев – «Qulager» ХК капитаны:

– Қазір команда ойыншылары физикалық тұрғыда әлсіздеу. Осымен 5-ші матч қатарынан жеңілдік. Бірақ, жігіттердің рухы жоғары. Әр ойынға жеңеміз деген сеніммен шығамыз. Дегенмен, ойлағанымыз жүзеге аспай жатыр. Алдағы уақытта жіберіп алған қателіктерді түзетуге тырысамыз.

Қазір «Qulager» хоккей клубы турнирлік кестенің 9-шы орнында тұр. Команда қоржынында небәрі – 16 ұпай. Бүгін «Altai Torpedo»-мен қарымта кездесу өтеді.

 

Бердимурат Баймухан