Балалар

NewLife орталығының ерекшелігі

Емдік гимнастика мен уқалау, судағы жаттығулар. Өңірде балаларға арналған NewLife орталығы жұмыс істейді. Тиісті шаралардың нәтижесінде бұлшық ет пен ішкі ағзаның жұмысын жақсартып, бірқатар сырқат түрлерінің алдын алуға болады. Сондай-ақ, сәбилер табиғаттың түрлі құбылыстарына төзімді болып өседі екен.

Сәбиді суға түсірмес бұрын уқалап, гимнастика жасатқан дұрыс. Бұл олардың шомылу кезінде еркін қимылдауы мен дұрыс өсіп-жетілуіне көмектеседі. Десе де, қол-аяқтарын сылап-сипағанда аса мұқият болу шарт. Әйтпесе, бұлшық еттері созылып, буыны шығып кетуі мүмкін. Сондай-ақ, жаттығу уақытында түрлі ойыншықтарды пайдаланған дұрыс.

Елена Нигматуллина – “NewLife Kids Wellness & Spa” балалардың жүзу және уқалау орталығының нұсқаушысы:

– Бөбектерді уқалау кезінде аяқ-қолын айқастырып, бұлшық еттерін абайлап созғылаймыз. Әсіресе, олардың кішкентай саусақтарын барынша баяу қимылдатуға тырысамыз. Өйтпеген жағдайда буындары орнынан қозғалып кетіп, сүйектері қисық өсуі мүмкін. Оған қоса, массаж уақытында сәбилермен жиі тілдескен дұрыс. Олар үлкендердің айтқан сөздерін түсінеді.

Бөбек шомылуға дайын. Алайда, алғаш рет ваннаға түсетін бала судан қатты қорқуы әбден мүмкін. Үрейді жеңу үшін не істеу керек? Ол үшін мамандар ең алдымен сәбиді суда тұруға үйретеді. Бастапқыда жүзу уақыты 10 минуттан аспауы тиіс. Арасында 5 минуттай демалдырып отырған дұрыс.
Айта кету керек, жаңа туған нәрестені ваннаға салуға болмайды. Оның кіндігі түсіп, жарасының толық жазылуын күту қажет.

Елена Нигматуллина – “NewLife Kids Wellness & Spa” балалардың жүзу және уқалау орталығының нұсқаушысы:

– Жүзудің баланың азғасына тигізер пайдасы көп. Мәселен, сәби суда тыныс алу мен тыныс шығару кезінде көп энергия жұмсайды. Соның нәтижесінде өкпесі де ашыла түседі. Жалпы, жаттығу уақыты 1 сағаттан аспауы шарт. Шомылатын судың жылылығы 36-37ºС төмен болмағаны дұрыс. Сондай-ақ, нәрестені жуындырғанда бөлмедегі температура 20-24ºС-ты көрсетуі тиіс.

Мамандардың сөзінше шомылу зат алмасу процесін де қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ, бұлшықет пен ішкі ағзаның жұмысын жақсартады. Ваннада шомылудың тағы бір пайдасы – нәрестенің шапшаңдығы артады. Табиғаттың түрлі құбылыстарына төзімді болып өседі екен.

Айзада Аматова – қала тұрғыны:

– Қызым дүниеге келген кезде осындай орталықтың бар екенін естідім. Кейін, дәрігерге барып жүзудің балаға қаншалықты пайдалы екенін білген кезде бірден осында келдім. Арукеге ваннада шомылған қатты ұнайды. Бастысы, қазір ұйқысы тыныш, қол-аяқтары жылдам қимылдайды, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ.

Newlife – өңірде балалардың жүзуіне арналып ашылған жалғыз орталық. Бұл жерде өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен мамандар жұмыс істейді.

Александр Васютина – “NewLife Kids Wellness & Spa” балалардың жүзу және уқалау орталығының директоры:

– Бұл жерде балалар кішкентай кезінен бастап өз қорқынышын жеңуді үйренеді. Мұнда жұмыс істейтін жас мамандар сәбилермен қалай тіл табысу керектігін жақсы біледі. Сондықтан, ата-аналар қауымы мұнда перзенттерін әкелуге жасқанбағандары дұрыс.

Айта кетейік, сәбилерді суда жаттықтырудың 1 айлық құны 12 мыңнан 39 мың теңгеге дейін. Оған ата-аналар қауымы 1 ай мен 4 жас аралығындағы балаларын әкеліп қатыстыра алады.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек