Мәдениет

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры жаңа маусымын ашты

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры 133-ші маусымының шымылдығын ашты. Өнер ұжымы көрермендерге швед жазушысы Ульф Старктың “Чудаки и зануды” шығармасынан алынған үзіндіні ұсынды.

Симонаны алдымен анасының оның туған күнін ұмытып кеткені қынжылтады, тағы әке-шешесінің басқа үйге көшпек болғаны да бар. Дәл осы өтпелі кезең жеткіншек үшін өте қиынға соғады. Себебі, ол үйі мен дос-құрбыларын қимайды. Дегенмен, жасөспірім жұбанышты итінен табады. Бірақ, бұл да ұзаққа созылмайды. Симона төрт аяқты досынан көз жазып қалады. Қойылымның алғашқы кезеңі осылай аяқталады.

– Бұл – Симонаның оқиғасы. Менің ойымша, жасөспірімге айналасындағы жандардың сүйіспеншілігі жетіспейтін сияқты. Ол кішкентай қиындықты ауыр, шешімі жоқ сынға бағалады. Бұл негізі қазіргі жеткіншеткердің басым көпшілігі кезігетін оқиға сияқты.

– Бірінші бөлім ұнады. Бірақ, мен автордың айтпақ болған негізгі ойын түсінбедім. Сол себепті жалғасын күтемін.

Қойылымның екінші бөлімі де басталды. Жаңа мектеп, алғашқы оқу күні және келеңсіздік. Мұнда жеткіншекті ұстазы Симон яғни, ұл бала деп таныстырады. Шәкірт оған қарсылық танытпайды. Ол үйінде Симона болса, сыртта ұлдың кейпінде жүреді. Алайда, бұл ұзаққа созылмайды. Алғашқы махаббат кейіпкерді шындықты айтуға итермелейді. Көп ұзамай оқушының қыз бала екенін барлығы біледі. Осы кезде оныңт төрт аяқты досы да оралады.

Оқиғаның осылай аяқталуы көрерменнің көңілінен шықты. Театр труппасында да жаңа актерлер бар екен. Ал басты кейіпкерді сомдаған Валентина Гронскаяның өнер ұжымына келгеніне 2 жылдан асыпты. Ол басты рөлді алғаш рет сомдап отыр.

Валентина Гронская – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:

 – Симонаның өмірі маған таныс. Мен де 14 жасымда басымнан осындай оқиғаны өткіздім. Басты рөлді сомдау оңайға соқпады. Көп іздендім, зерттедім, мамандармен пікір алмастым. Тіпті, Симонаның киімімен көшеде жүрдім. Өзіме жүктелген міндетті толықтай орындаған сияқтымын.

Театр труппасының 133-ші маусымда бөлісер жаңалықтары көп. Өнер ұжымы көрермен назарына бірнеше су жаңа қойылым ұсынуды жоспарлап отыр.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Қазір жаңа қойылымдар бойынша қызу дайындық жүріп жатыр. Соның ішінде Виктор Григорьевичтің “Отбасындағы кездейсоқ оқиға” атты пьессасы да бар. Ал Жаңа жыл мерекесінде біз кішкентай көрермендеріміз үшін ертегі ұсынбақпыз.

Бұл соңы емес, театр ұжымы Жаңа жыл мерекесінен кейін Абайдың 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтың “Абай жолын” сахналамақ ниетте.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы