Құқық қорғау органдары

Синтетикалық есірткі сатпақ болған аудан тұрғыны ұсталды

50 жастағы ер адам спайс сатпақ болған. Аққайың ауданындағы Смирнов ауылының тұрғыны синтетикалық есірткіні өзі әзірлеп, өткізбек болған жерінен ұсталды.

Ұсталған азаматтың үйін тінту кезінде жалпы салмағы 93 грамм болатын, сатуға дайын тұрған “спайс”-тың 620 дозасы табылған. Тағы, этил спиртінің шынылары, ақ түсті ұнтақ тәрізді зат анықталыпты. Сондай- ақ, дәріханалық қаптамадағы 30-дан астам шөптің түр-түрі тәркіленген.

Данабек Үдербаев: Петропавл қаласы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі:

– Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 2-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қазір қалалық уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жалпы, соңғы 9 айда облыс аумағында есірткі қылмысына қатысты 151 іс тіркеліп, 400 келіге жуық наша тәркіленген. Оның 114 грамы – героин, 93 грамы – кокаин және 1 келіден астамы түрлі синтетикалық есірткі екен. Бұндай қылмысқа барған 94 адам жауапкершілікке тартылыпты.

 

Актолкын Солтанханкызы