Қоғам

Халықаралық аспаздар күні аталып өтілді

Тағам әзірлеудің хас шеберлерінің мерекесі аталып өтілді. Петропавлда аспаздар, кондитерлер мен олардың ұстаздары қошеметке бөленді.

Аспазшы – ертеден келе жатқан мамандықтардың бірі. Бұрындары тамақ дайындаумен ошақ иелері ғана айналысса, бүгінде оның қыр-сырын игеру үшін бірнеше жыл білім алып, тәжірибе жинақтау қажет. Сондықтан да, мамандардың жұмысы жоғары сұранысқа ие. Олар жай ғана ас істеп қоймайды, адамдарға естен кетпес әсер сыйлайды. Петропавлдықтар ерекше эмоцияға бөленіп, дәмді тағамдардың түр-түрін облыс орталығындағы 40-тан астам дәмхана мен мейрамханалардан тата алады. Халықаралық аспазшылар күніне орай азық-түліктердің «патшалары» қошеметке бөленуде.

Андрей Фролов, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Тағам дайындау саласының ардагерлері марапатқа ие болады. Сондай-ақ, облысымыздағы мейрамханалар мен дәмханалардың бас аспазшыларына да құрмет көрсетіледі. Маман иелерін жылдар бойы дайындайтын оқытушылар да назарсыз қалмайды.

7 бірдей үздік бас аспазшы мен олардың оқытушылары облыс әкімінің грамотасына ие болды. Марапатты өңір жетекшісінің орынбасары Дәурен Жандарбек табыстады. Салтанатты шара Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде өтуде. Ұйымдастырушылар оқу ордасын тектен-тек таңдамапты. 1997-ден бері дәл осы жерден 2 мыңнан аса аспазшы мен кондитер түлеп ұшқан. Білікті мамандардың санын арттыруға 40 жылдық еңбек өтілі бар Светлана Пенчук те өз үлесін қосқан екен. Қазір нәзікжанды ұстаздық жолын қауымдастықта жалғастырып келеді.

Светлана Пенчук, СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының оқытушысы:

– СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығы адамдарды екі қолға бір күрекпен қамтуға көп көмектеседі. Жұмыс биржасынан келіп, жаңа мамандықты игеремін дегендер аз емес. Олар үш ай ішінде асүйдегі шаруаны меңгеріп, 3-ші разрядқа ие болады. Аспазшының жұмысы үлкен жауапкершілік пен шығармашылықты талап етеді.

Марика Гугулашвили бұл оймен 100 пайызға келісемін дейді. Нәзікжанды Петропавлдағы грузин мейрамханаларының бірінде талай жыл еңбектеніп келеді. Ерекше дәмді тағамдарымен ол тек шаһар тұрғындарын ғана емес, кезінде мәскеуліктерді де тамсандырыпты. Айтуынша, астың сәтті шығуы тамаққа қосылатын дәмдеуіштерге емес, аспазшының қосатын махаббатына байланысты.

Марика Гугулашвили, бас аспазшы:

-Біздің мейрамханаға келетіндердің барлығы кетерде алғыстарын жаудырады. Дайындаған тағамдарымның барлығына «бес» деген баға беріп кетеді. Аспаздық өнер маған ата-анамнан дарыған деп есептеймін. Отбасымызда барлығымыз түрлі мейрамханаларда еңбектенеміз.

Әдетте ас үйден шықпай, келушілерді таң қалдырып, тамсандыру үшін жұмыс істейтін бұл жандар бүгін өздері қонақ есебінде болып көрді. Барлығы жиын барысында осы саласының 30 маманы марапатқа ие болды. Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

 

Эльмира Садвокасова