Қоғам

Қариялар ағаш отырғызды

Көнекөз қариялар жас буынға үлгі боларлық игі іске ат салысты. Бүгін Абылай хан резиденциясында қарттардың қатысуымен акция ұйымдастырылды.

Қолдарына күрек ұстаған мұражай кешенінің қызметкерлері бір адамдай қарағай егуге кірісіп кеткен. Ұшқындап жауып тұрған алғашқы қар жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлап тұрғандай. Барлығының жүздерінде – күлкі мен қуаныш. Игі істен Әлиасқар Нәбиев те шет қалған жоқ. Ол мұндай шараларға қатысуды өзіне парыз санайды екен.

Әлиасқар Нәбиев – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің экскурсия жүргізушісі:

– Ағаш отырғызу арқылы қаламыздың экологиясын одан әрі жақсартамыз. Әрі олардың адам денсаулығына тигізетін пайдасы да мол. Сондықтан, мен осы секілді акцияларға жиі қатысқанды жөн көремін.

Кейін жиналғандар жаңа отырғызылған түптерге су құйып шықты. Ерғали Сауытбеков -қала тұрғыны. Алпысты алқымдаған ағамыз мұражай кешені маңын көркейтуге өз үлесін қосып жатыр.

Ерғали Сауытбеков: қала тұрғыны:

– Мен өзім 50 жыл көлік жүргізушісі болып жұмыс істедім. Қазір зейнеттемін. Келген қонақтар ауланы қарайды. Дала көркейіп тұрса, келген адамдарға да жақсы көңіл-күй сыйлайды.

Айта кетейік, жалпы, мұражай кешенінің ұжымы қазыналы қарияларға арналған акцияны алғаш рет ұйымдастырып отыр. Олар Абылай хан резиденциясының барлығы 30-ға жуық ағаш отырғызды.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

– Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды” демекші, бұл акциямыз зейнеткерлерге арналады. Биылғы жылды Елбасымыз “Жастар жылы” деп жариялаған болатын. Сондықтан, біз де үлкендер мен кішілерді бастарын біріктіріп осындай шара өткізуді жөн көрдік.

Жалпы, мұражай кешенінің ұжымы бұл игі істі жалғастырмақ ниетте.

Маржан Касымбек