МТРА жаңалықтарыҚоғам

Қала маңындағы қоқыс полигондарына қатысты мәселе шешілмек

Қағаз, шыны, полиэтилен, пластик секілді тұрмыстық қалдықтар іріктелмек. Енді экология департаменті мен “Қызылжар Тазалық” серіктестігі бірігіп сұрыптау жүйесін құрмақ. Нәтижесінде қоқыс полигонындағы заттардың жануының алдын алуға болады дейді мамандар.

Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылының маңында орналасқан қоқыс полигонына “Қызылжар Тазалық” серіктестігі жауапты. Екі күн бұрын тұрмыстық қалдықтар төгілетін аумақта өрт шыққан. Бұл жағдай жұртшылықты әбігерге салды. Себебі, жағымсыз иіс сол маңдағы және Жұмысшы кентіне дейін жеткен. Оған қоса қоқыс тиелген жүк көліктері полигонға екі күн бойы кіре алмапты. Өйткені, экологтар мұнда сұрыпталмаған қалдықтарды төгуге тыйым салған екен. Қазіргі таңда өрт ауыздықталды. Ал екі тарап арасындағы мәселе шешілді ме?

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі таңда серіктестік өз жұмыстарын қайта жандандырған. Экология департаменті мен “Қызылжар Тазалық” серіктестігі ортақ келісімге келді.

Енді экология департаменті мен “Қызылжар Тазалық” серіктестігі бірігіп сұрыптау жүйесін құрмақ. Яғни, қағаз, шыны, полиэтилен, пластик секілді тұрмыстық қалдықтар іріктелмек. Осылайша, қоқыс полигонындағы мәселе шешіледі дейді мамандар.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– Осы келісім шарттың арқасында 2025 жылға дейін қоқыс полигонындағы проблемалар түбегейлі шешілмек. “Қызылжар Тазалық” серіктестігі бұрынғыдай өз жұмыстарын жалғастыратын болады.

Жалпы, бүгінгі күні өңірде 460 қоқыс полигоны бар. Олардың тек 17-сі ғана ресми түрде тіркелген. Ал қаланың өзінен ғана бір күннің ішінде 120 тонна қоқыс жиналатын көрінеді.

 

 

 

Ешкенова Дана