Балалар

“Нан үйі” атты суретшілер байқауы өтті

“Нан үйі”. Петропавлда осындай атаумен облыстық суретшілер байқауы өткізілді. Қазылар алқасына өнерлі оқушылар 200-ден астам еңбек ұсынған. Жас суретшілер туындыларында ас атасы – нанның құдыретін бейнелеуге тырысыпты.

Ілулі тұрған мына суреттер бірден адамның назарын өзіне аударары сөзсіз. Туындылар мазмұнды әрі сонысымен ой салады. Шығармалар гуашь және акварельмен салыныпты. Ең қызығы, барлығының тақырыбы бір болғанымен суреттер әр түрлі. 14 жастағы Екатерина Истоминаның жұмысы тіптен ерекше. Өнерпаз қыз қоңыр және қара түстерді араластырып, дастархан басында отырған отбасыны бейнелепті. Бұл еңбегімен жас дарын байқауда 1-ші орынды иеленді.

Екатерина Истомина – “ЮНЕСКО клубы” көркемөнер лицейінің тәрбиеленушісі:

– Мен туындым арқылы соғыс жылдары адамдардың қандай қиындықтардан өткенін көрсеткім келді. Тұрғындар ол кездері, тіпті бір үзім нан тауып жей алмаған. Біз оларды ұмытпауымыз керек. Нанды ысырап етпеуге тиіспіз.

Ал, Дмитрий Василенконың туындысы мүлдем бөлек. Оқушы дүкенге нан сатып алуға келген адамдарды айнытпай қағаз бетіне түсірген. Оның салған суреті қазылар алқасының көңілінен шығыпты. Дмитрий байқауда 2-ші орын алды.

Дмитрий Василенко – “ЮНЕСКО клубы” көркемөнер лицейінің тәрбиеленушісі:

– Мен осындай байқауларға жиі қатысып отырамын. Өзіме түрлі тақырыптарда сурет салған қатты ұнайды. Туындымды қағаз бетіне бейнелеу үшін бар-жоғы 1 жарым сағат уақытым кетті.

«Нан үйі» атты байқау Ұлы Жеңіс пен ЮНЕСКО-ның 75 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен жас суретшілер қатысып, бақ сынасты. Жалпы саны 210 жұмыс ұсынылған екен. Соның 70-тен астамы қазылар алқасының көңілінен шыққан.

Инна Рипачева – “ЮНЕСКО клубы” көркемөнер лицейінің басшысы:

– Біз бұл байқауды жылда өткізіп отырамыз. Сайысқа 6 мен 14 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Туындыларды бағалау кезінде суреттің салынуына баса назар аударамыз. Балалар өте талантты. Үздіктерін таңдау аздап қиынға соқты.

Кейін жиынға келгендердің барлығы ұннан жасалған дәмді нан мен бәліштерден ауыз тиді.

Маржан Касымбек