МТРА жаңалықтары

Өңірде ресми түрде тіркелген 17 қатты тұрмыстық қоқыс полигоны бар

Қала маңындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыстың тұтануы үю технологиясының сақталмауынан орын алатын көрінеді. Бұны экологтар тексеріс барысында анықтаған.

Қазіргі таңда облыс аумағында қоқыс төгілген 460 алаң бар көрінеді. Олардың тек 258-сінің ғана жер учаскесі заңдастырылыпты. Ресми түрде 17 полигон тіркелген. Петропавл қасындағы орналасқан екеуі “Дорожник” және “Қызылжар Тазалық” серіктестіктеріне тиесілі. Соңғысының аумағы 28 га асады. Қаладан жиылған күл-қоқысы көбіне осы жерге төгіледі. Бірақ, бұл алаң үнемі жанып, түтіндеп жатады екен. Оның басты себебі – тиісті жұмыстардың жүргізілмеуі. Осы орайда облыстық экология департаменті полигондарға жауапты серіктестіктерге қатысты жоспардан тыс тексеріс өткізген болатын.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Биыл жоспардан тыс үш тексеріс жүргізілді. Апатты жағдайлар бойынша ҚТҚ полигонында жану ахуалдары 2019 жылы 3 рет тіркелген.

Табиғат қорғаушыларының сөзінше, полигонда қалдықтардың жану себебі үю технологиясының бұзылуынан орын алатын көрінеді. Оған қоса оқшауланбайды. Салдарынан, әсіресе жазғы мезгілде күл-қоқыс күнге қызып, бықсып, жанып жатады. Одан шыққан түтін Жұмысшы кенті мен Береке шағын ауданына дейін жетеді екен.
Бұны болдырмау үшін тұрмыстық қалдықтарды тау қылып үймей, оны арнайы карьерге сырып, тегістеп отыруы қажет.

Азамат Бектасов – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– Кәсіпорыннның мәліметтері бойынша осы шараларды толық көлемнде орындауға мүмкіндік жоқ. Себебі қалдықтарды тығыздау және бар карьерді өндіруге техника жеткіліксіз.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды көмудің экологиялық қауіпсіз тәсілін қолдануды жүзеге асыруда жергілікті билік тарапынан қолдау танытылса дейді мамандар.

Ешкенова Дана