Қоғам

Бескөлде келіншектері стилист мамандығын меңгеруде

Ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдар белсенді болып, бұқараға қолғабыс етуі тиіс. Осы мақсатпен бірлестіктер арасында байқау ұйымдастырылып, үздік жобаларға шағын гранттар бөлінді. Бастамалардың бірі бүгінде Қызылжар ауданында жүзеге асырылып жатыр. Мұнда тұрмысы төмен және жарымжан келіншектер стилист мамандығын меңгеру үстінде.

Осыдан бірнеше күн бұрын бұл келіншектер кәсіби мейкаптан мүлде бейхабар болған. Ал қазір оңайлықпен күндізгі және кешкі макияж жасай алады. Курстарды Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы ұйымдастырып отыр және жобаның әлеуметтік маңызы зор.

Вильдана Қожахметова – “Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы” ҚБ төрайымы:

– Мүмкіндігі шектеулі әйел адамдар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен көпбалалы аналар және де өмірлік қиындыққа шалдыққан әйелдер қатыса алады. Біздің жобамызда бұл адамдар визажист және hair-стилист сертификатын алады.

Бірлестік төрайымы Вильдана Қожахметова – стилист. Сондықтан, опа-далап жағудың қыр-сырын нәзікжандыларға өзі үйретіп жатыр. Маңыздысы, бәрі тегін. Қысқа курстардан 20 келіншек өтуде. Алғашқы 10-ы – макияж, ал екінші жартысы әдемі шаш үлгілерін жасауға машықтанады. Тәлім алушылардың бірі – Светлана Вильгельм.

Светлана Вильгельм – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Қас пен кірпік әрлеуді, ерінді дұрыс бояуды және өзге де көптеген дүниелерді үйрендім. Мен үшін бұл жаңа сала, сондықтан өте қызықты. Бескөлге тамыз айында отбасыммен Аққайың ауданынан көшіп келген едім. Содан бері жұмыс таба алмай жүрмін. Ұзақ жылдар бойы үй жөндеумен айналыстым, енді жаңа кәсіпті меңгеріп жатырмын.

Шынымен де, бұл жоба ауыл әйелдерінің алдында жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Өйткені, курстарды тәмамдаған соң алатын сертификаттары оларға сұлулық салондары мен үйде жұмыс істеуге мүмкіндік береді және бұл жалғыз көмек емес.

Вильдана Қожахметова – “Қызылжар аудандық мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамы” ҚБ төрайымы:

– Біздің жобамызда психолог жұмыс жасайды. Ең басты мақсатымыз – мұндай әйелдердің психологиялық тұрғыда мүмкіндіктерін арттырып, алдағы уақытта қаржылық жағдайын жақсарту.

Маңызды жобаны жүзеге асыру үшін бірлестік ауылдардағы үкіметтік емес ұйымдар арасындағы конкурсқа қатысып, 700 мың теңгенің шағын грантын ұтып алған. Байқаудың арқасында тағы екі ауданда әлеуметтік маңызды тағы 2 жоба жүзеге асып жатыр бүгінде.

Лидия Грабарь – «Молодежь за ЗОЖ» ЖҚБ төрайымы:

– Ғ.Мүсірепов ауданындағы бір ұйым 600 мың теңгенің грантын ұтып алып, мүгедек балаларды қолдау жобасын қолға алды. Ал Жамбыл ауданында бұрын сотталған азаматтармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар үшін ағаш өңдеу, дәнекерлеу мен кәсіп бастау бойынша курстар өткізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыруға 400 мың теңге берілді. Гранттық қаржының әрбір тиыны – біздің бақылауда. Мүмкіндік болса, демеуші тауып, бұл жобаларды үкіметтік емес ұйымдар әрі қарай жалғастыра алады.

Ең маңыздысы – бұл бизнес-жобалар емес, әлеуметтік жобалар. Елді мекендердегі қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі артуы тиіс. Өйткені, тиісті қаржыландырудың жоқтығынан ауылдағы ҮЕҰ-дың тынысы әбден тарылған. Сол тынысты ашу үшін грант бөлетін мұндай байқаулар енді жиі ұйымдастырылатын болады.

Саят Ермек