Аптадағы маңызды жаңалықтар

№6 мектеп басқа ғимаратқа көшіріледі

Қосымша сабақ өткізуге жағдай жоқ, балаларды олимпиадалар мен жарыстарға дайындауға орын қарастырылмаған. Бүгінде Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде 650-дей ұл-қыз білім алады. Бұл оқу ошағына шақталған жүктемеден үш есеге көп. Ал, кабинеттердің саны бар-жоғы – 18 ғана. Сол себепті, мұғалімдер үш ауысымда оқытуда. Бос сынып іздемей, 40 минутты сабақ өткізуге ғана арнау – барша ұжымның арманы.

Қазір 10-шы «ә» сыныбында география пәні жүріп жатыр. Мұнда 24 оқушы білім алады. 40 минуттың ішінде ұл-қыздардың әрбірі тақырыпты меңгеріп үлгерулері қажет. Себебі, қосымша сабаққа қалып, жаңа ғана өткен параграфты бекітулері екіталай. Оған 6-шы мектепте бос кабинет қарастырылмаған. Бөлме тапшылығы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Арайгүл Мұқанованы да қынжылтады. Сабақ жоспарын жазып, дәптер тексеретін орын түгілі, ұстаз дарынды оқушыларды олимпиада мен сайыстарға дайындайтын жер іздеп дал боламыз дейді.

Арайгүл Мұқанова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Біздің оқушылар Мағжан және Абай оқуларына қатысады. Сондай-ақ, олимпиадаларда бақтарын сынап, ғылыми жобалар жазады. Алайда, балаларды жарыстарға дайындайық десек, сабақтан кейін отыратын жер жоқ. Сөйтіп, қанша уақытымызды жоғалтамыз.

Олай болмағанда ше. Сабақтан кейін де, тіпті сабақ жүріп жатқанда да бос кабинетті табу қиынның-қиыны. Орыс тілі мен ағылшынды балалар екіге бөлініп оқиды екен. Сәйкесінше, орын жетіспейді. Себебі, оқу ұясында 30 сынып бар. Ал, кабинеттердің саны технологияға арналған бөлмелерді қоса алғанда бар-жоғы 18 ғана.
Мұғалімдер мен балғындарға тиісті жағдай жасау үшін білім ұясы 3 жыл бойы үш ауысымда оқытып келеді.

Майра Сәрсенова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі:

– Біздің мектепте 650-ге жуық оқушы оқиды. Бірақ, мектеп 231 балаға шақталған. Биыл 3 бірдей 1-ші сынып қабылдадық. Келем дегендер көп болды. Бірақ, кабинет тапшылығынан оларды қабылдай алмадық.

Жібек Арықоваға бұл жағдай жақсы таныс. Нәзікжандының 6-шы мектепте 3 бірдей немересі оқиды. Ата-ана оқу ұясындағы білім беру сапасы мен ұжымның жұмысын жоғары бағалайды. Сондықтан, балалары 6-ға толысымен, ол балғындарды қайда апаратынын жақсы біледі. Бірақ, ұзақ уақыт созып жүруге болмайтынын айтуда. 1-ші сыныпқа қабылдау маусымнан тамыздың соңына дейін жүргізілсе де, 2-3 аптада сыныптар лық толады екен.

Жібек Арықова:

 – 1-ші маусым күні таңертең ерте тұрып, балаларымызды қабылдасын деп ертеден келіп аламыз. 10 жыл бұрын осылайша бірінші немеремді әкелдім. Мектептің іші тар болса да, дәліздері тар болса да, күнде таңертең сығылысып балаларымызды әкеліп жатамыз.

Бұл – Жас өркендегі 900 орынға шақталған су жаңа білім ошағы. Екі оқу ұясының арасында нендей байланыс бар деп ойлайтын боларсыздар. Жаңа жылдан кейін Қожаберген жырау атындағы 6-шы мектептің ұжымы мен оқушылары осы нысанның қызығын көрмек. Алдағы уақытта жақын маңдағы орыс мектептерінің қазақ сыныптары да мұнда көшірілуі мүмкін. Шаруаны мамандар қарашаның соңына дейін аяқтаулары тиіс. Қазір нысанның ішінде әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – мектептің оң жақ бөлігі. Оның екі қабаты да бастауыш сыныптарына арналған. Ал, сол жағына орта және жоғары буынның оқушылары орналастырылады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Келесі жылдан бастап оқушылардың дене шынықтыру сабағы дәл осы жерде өтетін болады. Маңайдағы үйдің кеш сүрілуіне байланысты жұмыстар да, жуырда ғана басталыпты. Соған қарамастан, мамандар «шаруаны уақытында аяқтаймыз» деп отыр. Спорт залдың аумағы 630 шаршы метрді құрамақ. Ал, дәл астында асхана орналасатын болады.

Алексей Галкин – «Севимсталькон» ЖШС учаске бастығы:

– Білім ошағының құрылысы 2017-нің желтоқсанында бастау алды. Қазір учаскеде 180 адам білек сыбана еңбектеніп жатыр. Шаруаның 90 пайызы атқарылды. Жұмысқа қолданылатын материалдардың барлығы дерлік Қазақстанда шығарылған. Дәліздері де, кабинеттері де өте кең. Жиһаздардың бір бөлігі әкелінді. Нысан пандус және лифтімен қамтылған.

Бір жарым ай ішінде мердігерлер ішкі, сыртқы жұмыстарды аяқтап, аббаттандыруа көшетін болады. Аулада 6 балалар алаңқайы, футбол, волейбол мен баскетбол алаңдары орналасады. Сондай-ақ, гимнастика мен жүгіруге арналған жолақтар да төселмек. Жалпы, мектептің аумағы 6 гектарды құрайды. Су жаңа, заманауи технологиялармен жабдықталған білім ошағының құрылысына қазынадан 1,8 млрд теңге бөлініпті.

 

 

Эльмира Садвокасова