Құқық қорғау органдары

Полицейлер арасында республикалық патриоттық әндер арт-фестивалі өтті

Теріскей өңірінде «Әр жүректе – туған жер!» атты республикалық патриоттық әндер арт-фестивалі өтті. Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған 24 ұжым қатысты. Олар «Дуэт», «Трио», «Квартет» болып бөлініп, 3 номинацияда бақ сынасты.

Атаулы фестиваль ішкі істер органдары қызметкерлерінің ұлттық рухын көтеруге бағытталған. Салтанатты шараның ашылу салтанатында ішкі істер министрлігі кадр саясаты департаментінің бастығы Айдар Сайтбеков сөз алды. Ол байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айдар Сайтбеков – ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы:

– Бүгін біз қазақ әдебиетін мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтары мен өнеріне қызмет еткен ерен тұлғалардың туған жерінде тұрмыз.

Байқауда өнер көрсетіп жатқандардың бәрі – қалалық және аймақтық байқауларда топ жарған жезтаңдайлар. Алматы облысының намысын қорғап келген Рафаэль Елемесұлы мен Әлім Беркінұлы республикалық байқауға алғаш рет қатысуда. Тәртіп сақшылары қазылардың алдында «Аманат» әнін шырқады.

Әлім Беркінұлы – Талдықорған қаласы ПБ жедел полиция жүргізушісі:

 – Әннің мағынасы өз атауында тұр. Бұл әнде ата-бабамыздың талай заманнан бері қорғап, бізге аманат етіп қалдырып кеткен жеріміз, Отанымыз жайлы айтылады.

3 номинациядан тұратын бәсекеде жас тәртіп сақшылары ұлтжандылыққа баулып, патриоттық рухты оятатын әндерді шырқады. Жиналған жұртшылық құқық қорғау органы қызметкерлерінің өнеріне тәнті болды. Өйткені, күміс көмей полицейлердің әндері бірінен бірі асып жатты. Қазылар алқасы орындау шеберлігінен бөлек, туындының мазмұнына да ерекше көңіл бөлді. «Дуэт» номинациясында солтүстікқазақстандық полицейлер үздік шықса, «трио» аталымында Ақтөбе облысының күзет қызметінің мамандары, ал «квартет» номинациясында Қостанай өңірінің полицейлері топ жарды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және ІІМ-нің дипломдарымен марапатталды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан