Қоғам

Өңірде алғаш рет ауыл әйелдерінің форумы өтті

Мұғалім, сауыншы, аспазшы мен бизнесвумен. Қазанның 15-і халықаралық ауыл әйелдерінің күні аталып өтіледі. Мереке өңірдегі ауылды жерлерде тұратын нәзікжандылардың форумымен тұспа-тұс келді. Шарада елді мекендегі бизнесті дамытудың жолдары сөз болды. Әрбір іскер қыз-келіншек өз тәжірибесімен бөлісіп, диалог алаңын құрды.

Табиғи таза заттардан жасалған сабын, мектеп пен гимнастшыларға арналған форма және барша елімізге танымал «Визавидің» тәттілері. Бизнестің бұл түрлеріне теріскейлік нәзікжандылар жетекшілік етеді. Сәтті жұмыс істеп жатқан қыз-келіншектер енді арттарынан ерген ізбасарларына ақыл-кеңестерін бермек. Ол үшін «Алтын орда» кешенінде «ULPAN бизнес аймағы» ашылды.

Кәсіп жүргізудің қыр-сыры шара барысында айтылды. Елді мекендерде бизнесті әп-сәтте ашу, әрине оңай емес. Ең бастысы, қаржыландыру мәселесін шешу қажет. Несие аламын десе, кепілдеме зат ұсынулары тиіс. Сондықтан, ауылдықтар жүрексініп қалады. Кеше ғана мұғалім, сауыншы, есепші болғандар кәсіби түрде мал шаруашылығының қыр-сырын біле ме? Олар бірден бизнесвуменге айналмайды ғой. Бір айға шақталатын курс нәзікжандыларды заң жағынан қаруландырса да, практикаға келгенде қыз-келіншектердің білімі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Салтанат Рахымбекова – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрайымы:

– Биыл көпбалалы аналарға арналып бизнес ашуға 500 мың теңге бөлінбек. Алайда, курста тек ақшаны алып, оны жарату жолдары айтылады. Ал, малға қанша жем беру керек деген айтылмаған. Біз ұсыныс тастап отырмыз. Үш күн бөліп, практикаға уақыт берсе жақсы болар еді.

Алайда, бұл проблемалардан бұрын қатып қалған стереотиптер бизнес ашуға кедергі келтіреді дейді Сәуле Жантілесова. Тұрғындардың көбі біреуге жұмыс істеп үйреніп қалған. Енді бірі салық тексерістерінен қаймығатын көрінеді. Алайда, Сәуле Жантілесова болса, осыдан 12 ай бұрын қағидалардың барлығына қолын бір сілтеген. Декреттік демалысқа шыққан нәзікжанды елордадан ауылға оралып, жаңа өмірге қадам басыпты.

Сәуле Жантілесова – «Happy Generation» ЖК директоры, Аққайың ауданы:

– Бала күтімімен айналысу уақыты мен үшін трамплин болды дей аламын. Бір жыл бұрын бизнесті қолға алу қажеттігін түсіндім. «Жас проджект» бойынша білім алып, 1 млн теңге грант ұтып алдым. Осылайша, әйелдерге арналған фитнес пен балаларды дамыту орталығын аштым. Алғашқы 6 ай тегін жұмыс істесек, қазір кәсібім маған пайда әкелуде. Ауылда тұратындықтан мал шаруашылығын бір жолға қоймақпын. Қазір бизнес-жоспар құрып, алдағы уақытта Германияға бармақ ойым бар. Сонда тәжірибе жинақтап, оны жергілікті жерде енгіземін.

Ауыл әйелдерінің форумы ел көлемінде алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылыпты. Биыл ауқымда шара әрбір өңірді қамтымақ. Жиында көтерілетін басты тақырыптардың тағы бірі – жасыл экономиға байланысты. Табиғи ресурстарды тиімді пайдаланушылардың қатары жыл санап артып келеді дейді ұйымдастырушылар.

 

Эльмира Садвокасова