Білім

Биыл Есіл ауданында 8 бірдей білім ошағы жөндеуден өтті

Биыл Есіл ауданында 8 бірдей білім ошағы жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттерден 278 млн теңге көлемінде қаржы бөлінен. Мәселен, осы қаражаттың бір бөлігіне Покровка мен Николаевка ауылдарындағы мектептердің шатыры, терезелері мен есіктері ауыстырылыпты.

Бой көтергеніне жарты ғасыр болған мына мектепке бұған дейін ешқандай оңдау жұмысы жасалмапты. Мектеп директоры Болатхан Жүсіповтің айтуынша былтыр төбеден су ағып, білім ошағының іші дымқыл тартқан екен. Онымен қоса сыныптардағы тозығы жеткен терезенің жиегінен қыста жел соғып, нысан іші тез суып кететін көрінеді. Мектеп ұжымын біраз әбігерге салған ғимараттың шатыры жөнделіп, терезелері бүтінделді.

Болатхан Жүсіпов – Покровка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Мектеп жаңа емес, сондықтан бұрыннан бері шешілуі керек мәселелер болатын. Әсіресе, мекетептің төбесінен былтырлары су ағып біраз қиындық туғызды. Жаздыгүні мектептің төбесі түгел жаңартылды.

Сонымен қатар, бюджеттен бөлінген қаржыны тиімді пайдаланғанның арқасында ғимараттың 55 терезесі жаңартылыпты.

Болатхан Жүсіпов – Покровка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Шатырды ауыстыру үшін 34 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Экономияның арқасында тек қана төбені ғана емес мектептің алдыңғы терезелерін түгел пластикке ауыстырдық.

Мектеп 464 орынға шақталған. Қазіргі кезде бұл ауылдағы жалғыз білім ошағы. Мұнда 30-дан астам мұғалім қызмет етіп, ауыл балаларының көкірегін білім нәрімен сусындатуда. Ұстаздар ұжымы атқарылған жөндеу жұмысына ризамыз дейді.

Жарқын Омаров – Покровка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Есіл ауданы:

– Бұрынғы уақыттарда мектебіміз салқындау болатын. Қазір сыныптардың бәрі жылы, жайлы.

Тағы келесі жылы нысанның ескі есіктері мен қалған терезелерін ауыстырып, ғимараттың электр жүйесін толықтай жаңарту керек. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.

Ал бұл – Николаевка ауылында орналасқан Асқар Игібаев атындағы орта мектеп. 33 жылдық тарихы бар оқу ұясына да биыл алғаш рет жөндеу жұмысы жасалыпты.

Төлеміс Рамазанов – А.Игібаев атындағы орта мектебінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі, Николаевка ауылы, Есіл ауданы:

– Биыл жөндеуге 27,5 млн теңге ақша бөлінді. Соған 140 бірдей әйнек пен 7 есік ауыстырдық.

460 орынға шақталған 3 қабатты мектепте қазіргі күні 250 оқушы білім алуда. Маманның айтуынша білім нысанына келесі жылы күрделі жөндеу жұмысын жасау жоспарда бар. Сәті түссе мектепте ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, шатыр аустырылмақшы. Ол үшін де жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр екен.

Сондай-ақ ауданда 2 колледж жұмыс жасап тұр. Оның біреуі – Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі. Биыл нысанды қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен 107 млн теңге қаржы бөлініпті. Бұл сома білім ордасының есік-терезелерін ауыстырып, жылыту жүйесін тазартуға бағытталған. Колледж 2 корпустан тұрады. Маусым айында басталған жұмыс жоба бойынша қыркүйек айында тәмам болуы тиіс еді. Бірақ, жөндеу әлі жалғасуда.

Татьяна Дмитрик – Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі директорының міндетін атқарушы:

– Бірінші, яғни ескі корпусты жөндеуді тамыз айында аяқтадық. Кейін оны бітіре салысымен екіншісіне көштік. Қазір студенттердің көбісі ескі корпуста оқып жатыр. Ал мына жаңа корпустың ішінде тек кей мамандықтар бойынша келіп оқиды. Қазір бұл жерде өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Колледжде есік пен терезе блоктары да толықтай жаңартылыпты. Татьяна Дмитриктің айтуынша жалпы жөндеу жұмыстары қазан айының соңында аяқталады.

 

Бердимурат Баймухан