Денсаулық сақтау

1-қаңтардан бастап елімізде МӘМС жүйесі енгізіледі

2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Енді әрбір жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін қорға белгілі бір пайыз көлемінде төлем жасап тұруы тиіс.

Қазақстанда келер жылдан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру іс жүзінде жұмысын бастайды. Елімізде бұған дайындық бірнеше жылдың көлемінде пысықталып келген еді. Аталған жүйе ел халқының 95 пайызын қамтымақ.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 – Медициналық сақтандыруы бар тұлғаға мемлекет есебінен амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек көрсетіледі. Тағы, емдік қалыпқа келтіру шаралары, медициналық сауықтыру, мейірбикелік қарау, сонымен қатар тағы да басқа көмек түрлері кіреді. Аталмыш пакетті алу құқығы ел тұрғындарына және ҚР аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктерге беріледі.

Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде арнайы қор құрылған. Оған жұмыс берушілер мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтар ақша аударады. Мәселен, әр ай сайын жеке кәсіпкерлер өз қызметкерлері үшін қаражат бөлулері тиіс. Ол жалақының 1 пайызын құрамақ.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 – Ал қоғамның әлжуаз топтары медициналық көмекті тегін алады.Тағы олардың қатарына зейнеткерлер мен студенттер қосылады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы отандастарымыз 100-ден аса қызмет түрін тегін пайдаланатын болады.

Осы орайда айта кетейік, бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 22 медициналық портал жұмыс істейді. Олар денсаулық сақтау мекемелерінің статистикасын, пациенттермен жұмысы және қаржысын компьютер арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Электрондық денсаулық сақтау жүйесі тек Петропавл қаласында ғана емес, облыс аудандарында да іске қосылған. Жалпы, қазір өңірдегі ауруханалардың барлығы да қағазбастылықтан арылып, сандық форматқа көшкен.

Ольга Шерстюк -республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы облыстық филиалының директоры:

 – Теріскейде 200-ден астам денсаулық сақтау ұйымы бар. Өңірлік электрондық денсаулық сақтау орталығының мамандары олардың бәрімен тығыз жұмыс жасайды. Электронды сырқатнама, электрондық кезектер, амбулаториялық карталардың барлығы сандық форматта ресімделеді. Осылайша дәрігердің қаралуына смартфон арқылы жазылуға болады.

Дегенмен, шалғай орналасқан ауылдарда интернет мәселесі әлі де өзекті. Мамандар алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деп отыр.

 

 

 

 

Ешкенова Дана