Денсаулық сақтау

Жүрек-қантамыр жүйесі ауруларының алдын алу

Дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік, жаман әдеттерден бас тарту. Бұл – дерттің алдын алу шаралары. Осы орайда ақ халатты жандар ардагерлерге арнап таңғы жаттығу ұйымдастырып, кейін шағын сайыс өткізді.

Шынықсаң, шымыр боласың. Бұл – Күлзипа Кушубаеваның басты ұстанымы. Медицина саласында 30 жыл тер төккен нәзікжанды түрлі сырқаттың алдын алу үшін спортпен айналысу қажет дейді. Сол себепті, бүгін егде жастағы жандар жарыс ұйымдастырып, өзара сайысқа түсті. Ардагерлер жүгіру, допты себетке түсіру сияқты 10-ға жуық сыннан өтулері тиіс.

Күлзипа Кушубаева, “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекемесі ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Өзім дәрігер болғандықтан, түрлі дерттердің пайда болу себебін жақсы білемін. Нақтырақ айтсақ, қозғалыстың аздығы мен жаман әдеттерге әуестік сырқатқа әкеп соқтырады. Сол себепті, тұрғындарды әрдайым шынығып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.

Атеросклероз, миокард инфарктісі, қан қысымның көтерілуі мен жүрек кемістігі. Бұл -жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары. Мамандардың айтуынша, аталған дерттерге, әсіресе, жасы 40-тан асқан жандар жиі шалдығатын көрінеді. Ал одан әрі адамның өз денсаулығына немқұрайлы қарауы сырқаттың асқынуына әкеледі.

Бұған жол бермес үшін білікті дәрігер Владимир Бухмиллер бірқатар кеңес берді.

Владимир Бухмиллер, “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекемесінің дәрігері:

– Ең алдымен, қан қысымын бір қалыпта ұстау қажет, яғни 140 та 90-нан асырмаған жөн. Холестерин деңгейі де 5 ммоль/л немесе одан төмен болуы керек. Тағы, жасқа қарамай салауатты өмір салтын ұстанып, күніне кем дегенде 3 рет жаттығу жасау қажет.

Зерттеулерге сәйкес жүрек-қантамыр ауруларын 30 пайыз жағдайда ғана дәрінің көмегімен реттеуге болады екен. Ал қалғаны адамның өзіне, яғни денсаулығын күтуіне байланысты.

Актолкын Солтанханкызы