ТЖ

Шаһарда өрт қауіпсіздігін түсіндіру бойынша рейдтік шаралар өтуде

Петропавлда жыл басынан 500-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалынның бас көтеруіне көбіне тұрғындардың немқұрайлығы себеп болып жатады. Төтенше жағдайлардың алдын-алу үшін құтқарушылар кезекті рейд өткізді.

Жылыту маусымы басталысымен жеке тұрғын үйлерде өрттің шығуы мен газдан улану жағдайлары кейде жиілеп жатады. Мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс орталығында құтқарушылар рейдтік шаралар өткізуде.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Жыл сайын жылыту маусымы басталысымен баспаналарды аралаймыз. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндіреміз. Бірақ, соның өзінде адамдар ережелерге аса мән бере қоймайды.

Сондай-ақ, өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған шараға құтқарушылардан бөлек депутаттар да белсенді қатысуда.

Владимир Витченко, қалалық мәслихаттың депутаты:

– Басты мақсатымыз – төтенше жағдайларды болдырмау және құтқарушыларға шамалы болсын көмек көрсету. Себебі, қаламызда жер үйлер жетерлік.

Рейд кезінде мамандар Батыр Баян көшесінің тұрғындарымен тілдесті. Үй иелеріне тиісті талаптарды түсіндіріп, жадынамалар таратты.

– Құтқарушылар жыл сайын келіп тұрады. Барлық ережелерді түсіндіріп, кеңестерін береді.

– Осындай рейдтер жүргізілгені дұрыс. Кей уақытта адамдар қауіпсіздік ережелерін ұмытып жатады. Сол себепті, мамандардың берген кеңестерінен қорытынды шығарып, сақ болуымыз қажет.

Жалпы, жыл басынан бері өңір аумағында 542 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 374-і жеке секторда болған екен. Қызыл жалынның салдарынан 30 теріскейлік көз жұмған. Ал материалдық шығын 25 млн теңгені құрапты.

Ешкенова Дана