Бизнес және экономика

Мемлекеттің қолдауын пайдаланып кәсіп ашқан жандар

Есіл ауданында “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының игілігін көріп отырғандар көп. Биылдың өзінде 100-ден астам адам аталған жобаның аясында барлығы 153 млн теңге көлемінде несие мен грант алып, өз ісін бастаған.

Серікжан Қабыланұлының отбасы Бірлік ауылына Қытай елінен қоныс аударыпты. Атажұртқа наурыз айында келген олар мемлекеттен 800 мың теңге көлемінде квота алып, сол ақшаның көмегімен баспаналы болған. Бүгінде жанұя – қазақтың ұлттық өнерін жаңғыртып келе жатқан жандардың бірі. Отағасы мен ұлы ағаштан түйін түйсе, отанасы мен келіні ұлттық нақыштағы түрлі киім үлгілерін тігеді.

Серікжан Қабыланұлы – кәсіпкер, Бірлік ауылы, Есіл ауданы:

– Бұл кәсіпті 2016 жылы Шымкентке барып істегенбіз. Баламыз сол жерде оқитын. Сол жақта тұрып үйрендік. Кейін қайтадан Қытайға көшіп кетіп, сонда 1 жылдай тұрдық. Қазір енді көктемнен бері осындамыз.

Жалын әкесі екеуі осы шағын шеберхананың ішінде күн ұзаққа еңбек етеді. Іскер жандар ағаш ойып, тостаған, саба, ожау, астау секілді ұлттық нақыштағы ыдыстарды жасайды. Жұмыста қайың ағашын қолданады екен. Шебердің айтуынша, ол жарылмайды, күнге кеуіп қалмайды және суыққа да төзімді келеді екен. Қазір жас шебер «зерен тостаған» деп аталатын ыдыстың бетін оюлап жатыр.

Жалын Серікжанұлы – кәсіпкер, Бірлік ауылы, Есіл ауданы:

 – Ағашты ойып болған соң, 2 сағат тұзды суға салып қайнатамыз. Кейін сыртын ою-өрнекпен безендіріп майға күйдіреміз.

Осылайша бірнеше мәрте өңдеуден өткен ағаш аяқтар жарылмаған болса, оларды сата беруге болады екен.
Жас кәсіпкер биыл «Бастау Бизнес» жобасының аясында біліктілігін арттырып, мемлекеттік грант ұтып алыпты. Қолға түскен қаржыға қосымша сайман сатып алып, өндірісті кеңейтпекші екен. Сондай-ақ, шеберлер ұлтымыздың ұсталық өнерін жаңғыртып, дәріптеу мақсатында шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алу жоспарда бар екен. Келіп үйренем деушілерге есік айқара ашық, сабақ беру тегін дейді іскер жандар.

Ошақ иесі Тұрсынгүл Бектұрсынқызы да келе салысымен «Бастау Бизнес» жобасының аясында 1 айлық оқудан өтіп, 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Сол ақшаға 2 түрлі тігін машинасын сатып алыпты. Қазір соның көмегімен осылай матаның бетіне ою-өрнек зерделейді. Сондай-ақ, келіні екеуі ұлттық нақышта безендірілген киім үлгілері мен үй ішінің қазақы жасауларын тігіп шығарады.

Тұрсынгүл Бектұрсынқызы – кәсіпкер, Бірлік ауылы, Есіл ауданы:

– Мынау қазақтың қолкестесі, бұны ұлдардың жасауына істетеміз. Тұскигіз, шымылдық деген өзіміздің қазақта ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан бұйымымыз. Бұл – некеленудің, той жасағандардың символы.

Тауарға сұраныс көп. Тіпті, Түркия, Монғолия, Ресей елдерінен тапсырыс беретіндер бар екен. Шеберлер жасаған дүниелерін интернет арқылы саудалайды. Үйлерінің қасында жеке дүкендерін де ашып үлгеріпті.

Өз ісін бастауда мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінген жандардың тағы бірі – Руслан Мұсабеков. Ол ауыл шаруашылығы көліктерін жөндеумен айналысады. Кәсіп ашуға «Бастау Бизнес» жобасы септігін тигізді дейді жас кәсіпкер.

Руслан Мұсабеков – кәсіпкер, Явленка ауылы, Есіл ауданы:

– «Бастау Бизнес» оқып 250 мың грант алдым.

Руслан Мұсабеков темір тұлпар жөндеуге бала кезінен әуес екен. Өйткені, әкесі кезінде ауылдың беткеұстар механизаторы болыпты. Қазір де білгенін үйретіп, өз кеңесін беріп тұрады екен. “Әке көрген оқ жонар” дегендей жастайынан сол кісінің шалғайына жабысып жүріп техниканың қыр-сырын меңгеріп өскен ол бүгінде көкесінің жолын қууда.

Есіл ауданында биыл 114 адам “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасының аясында барлығы 153 млн теңге көлемінде несие мен грант алыпты. Бұл сома ауыл шарушылығы, сауда және жүк тасымалын дамытуға бағытталған.

 

 

Бердимурат Баймухан