Аптадағы маңызды жаңалықтар

Біріктірілген сабақтарды тиімді өткізу әдістемесі

Оқушы аздығынан ауылдағы мектептерде бірнеше сынып оқушылары сабақты бірге отырып оқиды. Мәселе шағын комплектілі мектептерде өзекті тұр. Мұндай білім ошақтарының мұғалімдері бүгіннен бастап “Өрлеу” институтында арнайы курстардан өтіп жатыр. Олар біріктірілген сабақтарды тиімді жүргізу әдістемелерін меңгеруде.

Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтап барады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда көтерген бұл түйіткілдің теріскейге тікелей қатысы бар. Біздегі білім ошақтарның шамамен 80 пайызы шағын жинақты, яғни оларда оқушылардың саны аз. Жасыратыны жоқ, 300-ден астам ауыл мектебінде бір сыныпта 2-3 баладан ғана оқиды. Салдарынан мұғалімдер сабақтарын бірнеше сыныпты біріктіріп өткізуге мәжбүр. Әрине, мұндай әдістің оң тұстары жоқ емес дейді педагогтар.

Людмила Асташова – Надежка негізгі мектебінің математика және информатика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Мәселен, 7-ші сынып оқушылары 5-ші сыныпта өткен тақырыпты ұмытып қалса, ізбасарлары қуана көмектеседі. Ал 5-ші сынып оқушылары, керісінше, болашақта өтетін бағдарламаны ертерек меңгеру мүмкіндігіне ие болады.

Алайда, мәселелер де баршылық. Көбіне 2-3-ші, 5-7-ші, тағы 6-шы және 8-ші сынып оқушылары бірігіп, материалды бірге меңгереді. Мұндай сабақтар біршама ыңғайсыздық тудырады. Салдарынан білім сапасы жапа шегіп жатады. Өйткені, әр сыныптың бағдарламасы әр түрлі емес пе?! Сондықтан ұстаздар 40 минутты қаққа бөлуге мәжбүрміз деп отыр.

Асқар Кенбаев – Ақсары негізгі мектебі директорының орынбасары, Ақжар ауданы:

– Бірінші мәселе – бұл жас ерекшелігі. 5 сынып оқушылары – бұл бастауыш буыннан келген балалар, ал 7-лер – мүшел жастағылар. Екінші мәселе – бірқатар пәндер сәйкес келмейді. Орта буында химия, физика, геометрия мен алгебра бар. Сондықтан ұстаз, мәселен, 20 минут математика, 20 минут алгебра өткізеді.

Мәселенің шешімі бар. Мұғалім сабақ жоспарын әр сыныпқа бөлек-бөлек жасамауы тиіс. Біріктірілген сыныптардың бағдарламаларын сабақтастыра отырып, бір жоспар әзірлеуі керек. Оны сауатты құру әдістемесін ауыл ұстаздары арнайы семинарда үйреніп жатыр. Педагогтар проблемаға назардың ауғанына қуанышты және методиканы ынтамен меңгеруде. Семинарды Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясының өкілдері өткізіп жатыр. Елордалық мамандардан үйренуге болатын дүние жететін.

Гүлнұр Құдайберген – Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы жанындағы ШЖМ дамыту бойынша орталығының директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Біз мұғалімді материалға анализ жасауды үйретеміз. Мәселен, 5-7-ші сыныптарда бір пән бойынша бірнеше тақырып қайталанады. Сол тақырыптарды біріктіріп, екі сыныпқа да бейімдеу жолдарын түсіндіреміз. Егер ұстаз осыны меңгерсе, жастары әр түрлі оқушылар бірге жұмыс істеп, сапалы білім алатын болады.

Жаңа әдістемені ауыл мұғалималары 5 күн меңгереді. Семинар алдағы жұмаға дейін жалғаспақ. Курстар өңірлік “Өрлеу” институтының бастамасымен өтіп жатыр. Шағын жинақты мектептердің мәселесі енді баса назарда болады дейді мұндағылар. Айтуларынша, желтоқсаннан бастап шағын жинақты мектеп ұстаздары үшін ай сайын онлайн вебинарлар ұйымдастырылмақ.

Саят Ермек