Қоғам

Қаланы көгалдандыру жұмыстары жалғасуда

Облыс орталығында көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен белсенді жастар 500 түп ағаш отырғызды. Көшет егу жұмыстары Жеңіс саябағы, қалалық мәдениет үйі мен “Виктория” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің айналасында да жүзеге асты. Дәл осы іс қала сыртында да жүргізілді.

Жер жүзіне керемет көрік беріп тұрған жасыл желектердің пайдасын тізбектей беру болады. Алайда, қураған әрі бұршақ жармайтын ағаштар қала келбетіне тек нұқсан келтіреді. Сол себепті, бүгінгі күні шаһарда ескілері кесліп, абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Аталған шаруаның бірі Жеңіс саябағында атқарылды. Мұнда шырша, шетен, қайың сынды көшеттер отырғызылмақ.

Жанар Таласпаева: Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

– Республикалық экологиядық акция аясында Жеңіс саябағында ағаш отырғызу жұмысы қызу жүргізіліп жатыр. Қалалық мәслихат депутаттары бүгін 15-ке жуық ағаш отырғыздық.

Көгалдандыру жұмыстарына қалалық мәслихат депутаттарынан бөлек, жастар мен ардагерлер де қатысты. Солардың бірі – Владимир Тимошин. Қарияны қазіргі таңдағы экологиялық ахуал мазалайтын көрінеді. Сондықтан, табиғатымызды қорғап, оны көркейту мақсатында егде жастағы жан жасыл желек отырғызып жатыр. Шараға шаһар тұрғыны достарын да ерте келіпті.

Владимир Тимошин: қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Айналамызда ормандар отқа оранып, адамдардан қалған қалдықтар табиғатты бүлдіріп жатыр. Бұл істің барлығы тұрғындардың қолымен жасалуда. Сол себепті, біз қоршаған ортаны аялап, ағаш отырғызып қаланы көркейту жұмыстарына өз үлесімізді тигізу керекпіз. Бүгінгі шара да өте жақсы бастама деген ойдамын.

Сондай-ақ, дәл осындай шаруа Әбу Досмұхамбетов және Ухабов көшелерінің бойында да жүргізіліп жатыр. Қалалық мәдениет үйі мен “Виктория” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің айналасында да жасыл желек егілмек. Тағы, қала сыртында да аталған іс қолға алынып, 7 мыңға жуық көшет отырғызылмақ.

Актолкын Солтанханкызы