Қоғам

Қарттар үйіндегі қариялардың тірлігі

Кезінде олар аянбай еңбек етті, ұрпақ өсірді, жеткізді. Бірақ, қартайған шағында жалғыз қалды. Тайыншадағы қарттар мен мүгедектер үйінде жүзден астам қария тұрады. Бірінің жақындары жазым болса, екіншілерін туғандары тастап кеткен. Бүгінде оларды мемлекет өз қамқорлығына алып отыр. Ата-әжелер мұнда сапалы медициналық көмек алады, алаңсыз өмір сүреді.

 Саят Ермек – тілші:

– Немере бағу, ағайынның ортасында, өз үйінің төрінде отыру бұл жандардың пешенесіне жазылмаған. Тайыншадағы “Надежда” атты қарттар үйінде бүгінде 113 адам тұрады. Әрқайсысының тағдыры әр алуан. Десе де, дәл осы мекеме бұл жандарға лайықты кәрілік сыйлап отыр. Қарттарды қолдау айлығының аясында біз осында бас сұғуды шештік.

Біз келгенде қариялар түскі астарын ішіп жатыр екен. Сорпа, котлет пен пюре, ал десертке – бір тілім қарбыз. Ата-әжелердің тәбеттері жақсы. Күніне олар 6 рет тамақтанады.

Ал түскі астан кейін демалыс. Жоғарғы қабатқа көтерілгенде дивандағы қаракөз әжейімізге көзіміз түсті. Жанына отырып, сөзге тарттық. 78 жастағы Баян апай жалған дүниеде жалғызбын деп ағынан жарылды.

Баян Кәкімова:

– Балаларым жоқ. 15 жыл болды, осында тұрамын. Жалғыз өзім тұруға қиын болды. Туыс-туғаным жоқ, жетіммін. Басқа жерге барсам, қарным аша ма деп қорқамын, осы жерде тұрғым келеді.

Жан тебірентер өлең шумақтарын Наталья Шевелёва бөлмелес құрбыларына жиі оқиды. Ұнаған дүниелерді дәптерге теру – 80 жастағы әжейдің сүйікті ісі. 40 жыл медбике болған ол қарттар үйінің табалдырығын осыдан тура 10 жыл бұрын аттайды. Жалғыз қызы жастайынан жазым болады, артынан бағып-қаққан немересі де өмірден озады. Осылайша, бейнеттің зейнетін көрер шағында қария жалғыз қалады. Енді оның үйі – осында.

Наталья Шевелёва:

– Өмірімнің соңғы күндерін осында өткіземін деп шештім. Тайыншада шөбере-қызым бар. Алып кеткісі келеді, шақырады. Бірақ, баруға қорқамын. Төсек тартып жатып қалсам, олар мені күте ме? Масыл кемпір болғым келмейді. Оның өз өмірі, жанұясы бар ғой.

Кәрінің көз жасы тек қуаныштан төгілуі тиіс емес пе?! Алайда, тағдыр әсте қатал. Мұндағылардың дені – жақындарынан айырылғандар. Арбаға таңылғандар да, тастанды қариялар да жететін. Көбінің балалары шетелге кетіп, өмір сыйлаған ата-анасын мүлде ұмытқан. Бауыр еті балаларынан қайыр болмай, олар осында амалсыздан отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Қарттардың көбі мұнда жылдар бойы тұрады. Олар үшін бұл мекен туған үйіндей болып кеткен. Алайда, жанұядағы өмірдің жайы мүлдем басқа дейді олар. Көбінің отбасында тұрғысы-ақ келеді, алайда, амал нешік, шетелдегі балалары мен туғандары қарт туысқанын алып кетіп жатқан жағдайлар мұнда өте сирек кездеседі.

Жүректі еріксіз ауыртатыны да сол. Керісінше, қарт туысқанын осында әкеліп тастағысы келетіндер көбейіп барады. “Кәрі анамды, әкемді, атам не әжемді қабылдаңыздаршы”, – деп қоңырау шалатындар аз емес дейді мекеменің директоры Маргарита Потапова.

Маргарита Потапова – қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі “Надежда” интернат-үйінің директоры, Тайынша ауданы:

– Үнемі хабарласады, сұрастырып біледі. Біз бас тартамыз. Өйткені, “Неке және отбасы” заңы бойынша қазақстандық әр азамат ата-анасын күтуге міндетті. Біздің мекемеге балалары шетелде тұратын, қайтыс болған не балалары мүлде жоқ қариялар, яғни жалғызбастылар ғана қабылданады.

Қарияларға көп керек пе? Мұнда бастысы, не ішемін, не жеймін, не киемін деп уайымдамайды. Бөлме таза, кір жуулы. Қысқасы, алаңсыз тіршілік. Тек көңілге қаяу түсірері түсірері, туған балаларының ата-ана алдындағы бұл міндетін мұнда қатардағы санитарлар атқарып жүр.

Әсия Жұманова – қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі “Надежда” интернат-үйінің санитары, Тайынша ауданы:

– Киіндіреміз, жуындырамыз, ал олар рахметтерін айтады. Біздің жұмысымыз сол – кәрі кісілерді сыйлау. Әке-шешеміздей бәрі, кем көрмейміз.

Жылы әрі жайлы бөлмелерін көбі өз талғамына қарай жарақтаған. Бірінде тіпті аквариум көріп, таңырқап қалдық. Теледидар қарай ма, далаға шығып серуендей ме – өздерінің еркінде. Жағдайы келетіндер спортпен де шұғылданады. 65 жастағы Марат Ораловтың бұл – сүйікті ісі.

Марат Оралов:

– Күнде келемін осында, көңіл-күйім болғанда шынығамын. Үш ай болды келгеніме. Денсаулыққа байланысты ғой, мүмкіндік болып тұрғанда айналысамын.

Медициналық көмек те жоғары деңгейде. Невропатолог, хирург, окулист пен терапевт – мұнда қарттар үшін шағын емхана жұмыс істейді. Арнайы стоматологиялық кабинет те, дәрі-дәрімектің жеткілікті қоры да бар. Денсаулық – ұдайы бақылауда, күніне екі рет мейірбикелер қан қысымын тексеріп тұрады.

Байқағанымыз, мекемені паналайтын қарттар тек құрбы-құрдас қана емес, нағыз отбасы. Өздері де тағдырластардан қолдан келген көмекті аямаймыз дейді. Қарттар үйінде отбасын құрғандар да бар. 73 жастағы Владимир Ламонов пен 70-тегі Тамара Рагимова осында танысып, некеге тұрған. Бір жыл болды, бірге.

Владимир Ламонов:

– Қызым мен әйелім қайтыс болып, жалғыз қалдым. Германияға көшіп кетерде бар мүлкімді сатқан едім. Көп ұзамай қайтып келуге тура келді, бірақ түгім болмады. Инсульт алып, жығылғанға жұдырық болды. Таныстарым мұнда келуге кеңес берді. Осында Тамарамды таптым.

Тамара Рагимова:

– Жалғыз қалдым. Бауырларым мен балаларымның бәрі шетелде тұрады. Қазақстанда ешкімім жоқ. Ұлдарымның қолына барғым-ақ келеді, бірақ, олардың жағдайлары менсіз де мәз емес. Бәрі ақшаға келіп тіреліп тұр ғой. Бір жағынан Отанымды да қимаймын. Енді Владимирмен баспана алып, бөлек тұру жайын ойластырып жатырмыз. Мұнда бәрі жақсы, әрине, бірақ, өз үйімнің болғанын қалаймын.

Ал тақия киген Тентек есімді ата аула жинастырып жүр. Ауылда өскем, шаруасыз отыра алмаймын дейді ол.

Тентек Жүсіпбаев:

– Маңайдың бәрін сыпырып, қырып, қыс болса қар тазалаймын. Жазда бақшаны суарамын, картопты түптеймін. Жігіттер көп жұмыс жасамау керек дейді. Ал жұмыс істемесем қолым ауырады.

Жұмыс мұңды ойлардан арылтады. Тентек атаны тағдыр туғанынан қатты сынады. Бала кезінде оның сол жақ денесі сал болып қалған. Бертін 17 жыл отасқан қосағы мен 2 ағасын жерге тапсырады. Тағы бір туғаны – елордада қызметте. Зенйеткердің қарттар үйін паналаудан басқа амалы қалмаған.

Тентек Жүсіпбаев:

– Ауылда болдым, әйелім қайтқалы 35 жыл. 5 жыл әркімнің қолында болдым, малай сияқты. Біреу ұрады, біреу соғады. Біреуі айырмен, біреуі күрекпен ұрады. Бір күні ағама ренжіп, жылап, күн көрісімнің нашарлығын айттым, мені кәрілер үйіне апаруды сұрадым. Қарным аш емес, жылда киім береді, қос матрас астымда.

Жасалып жатқан жағдайға қариялар, шынымен, ырза. Зейнетақысының бір бөлігін олар мекеменің шотына аударады екен. Бұл қаржыға керек-жарақтары мен қымбат дәрілері алынады. Десе де, әр зейнеткердің қолында кем дегенде 36 мың теңге қалуы тиіс. Жыл сайын күзде бұл ақшаның бір бөлігіне қариялар кәмпит-шоколадтарды мол қылып алып қоятын көрінеді. Бірақ, туған немере-шөберелеріне емес, Қарттар күнімен құттықтай келген мектеп оқушыларына.

Саят Ермек