Қоғам

Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Пәтер иелері кооперативінің орнын басатын ұйым. 2020-дан бастап көпқабатты үй тұрғындарын өзгеріс күтіп тұр. Келесі жылы ПИК өз жұмысын тоқтатып, меншік иелерінің бірлестігі іске кіріседі. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына байланысты жаңа заңнама 2020 жылдан бастап өз күшіне енуі мүмкін. Өзгерістер пәтер иелері кооперативтеріне қатысты болады. Сондықтан, олардың төрағаларымен түсіндірме жұмыстарын қазірден-ақ жүргізген абзал. Сергей Худяковтың сөзінше, меншік иелерінің бірлестігіне қатысты мамандарға, тіпті арнайы курстар да ұйымдастырылады. Келесі жылдан бастап ПИК-тің орнын осы ұйым баспақ. Оның ерекшелігі неде дерсіздер? Пәтер иелері кооперативі бұрындары бірнеше үйді біріктірсе, жаңа заңнамаға сәйкес әр нысан бөлек шығатын болады.

Сергей Худяков, Петропавл қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы:

– Яғни, пәтер иелерінен жиналған ақша баспананың жеке шотына бағытталады. Қаражат сол нысанның жөндеуіне, қысқа дайындығына жұмсалады. Атқарылатын жұмыстың сапасы артады. Әрі қаржының қайда кетіп жатқанын көруге болады. Тағы ауланың жағдайын қалыпта ұстауға мүмкіндік туындайды.

Жиында қарастырылған келесі мәселе білім бөлімімен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көрсетілетін көмек жайында болды. Шаһар мектептеріндегі 26 мың оқушының 1500-ден астамы қоғамның әлжуаз тобына жатады екен.

Айнұр Сүйіндікова – Петропавл қалалық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

– Шілденің 1-інен 30-шы қазанға дейін “Мектепке жол” акциясы аясында бұл ұл-қыздарға көмек көрсетілді. Аталған мақсатқа 7 млн 16 мың теңге жұмсалды. Қаржының 4 млн-ы жалпыға міндетті оқу қорынан қарастырылса, қалғанын демеушілер бөлді.

Қарастырылған сұрақтарды қоғамдық кеңес мүшелері өз назарларына алатындықтарын жеткізді.

Бердимурат Баймухан