Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры 30-шы маусымын ашты

Облыстық қуыршақ театры 30-шы маусымын ашты. Өнер ұжымы биыл алғаш рет кезекті жұмысына қазақ тіліндегі қойылыммен бастау берді. Негізі, туынды ресейлік режиссер Андрей Мелентьевтікі. “Осторожно, колобки” деп аталады. Оны мәдениет ошағының көркемдік жетекшісі Мейрам Сексенбаев мемлекеттік тілге аударған екен.

Бұл әңгіме бала кезімізден таныс “Бауырсақ” ертегісіне ұқсас. Бірақ, мұндағы бауырсақ екеу. Біріншісі кемпір-шалдан орманға қашып кетеді. Оның түлкінің қақпанына түсерін сезген екіншісі досын құтқаруға аттанады. Жолда ол қоянды да, қасқырды да, аюды да кездестіреді. Соңында екеуі де қу түлкіден құтылып, үйлеріне аман-есен оралады.

Мейрам Сексенбаев: Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

– Жаңашаланған, кішкене өзгеріс енгізілген, басқа стильмен және бөлек декорация таңдап алынған қойылым, балалардың көңілінен шығады деген ойдамын.

Әңгіменің қуанышты жайтпен аяқталуы кішкентай көрермендерге ұнаған сыңайлы. Балақайлар үлкендерден естіген ертегімен салыстырып, осы нұсқаның көңілге қонымды екенін айтты.

Мағжан Амантай:

– Бүгінгі қойылым маған ұнады. Мен осы ертегіні бұрын естігенмін. Енді келесі қойылымдарға міндетті түрде келемін.

Бүгін сахнада 3 актер өнер көрсетті. Олардың әрқайсысы бірнеше кейіпкерді сомдап, балақайларды баурап алды. Солардың бірі – Нұрсұлтан Қалқабек. Актердің қуыршақ театрында жұмыс жасап жүргеніне 7 жыл толыпты.

Нұрсұлтан Қалқабек, Облыстық қуыршақ театрының актері:

– Театрдың алға қойған жоспарлары ауқымды. Болашақта бізді үлкен гастрөлдік сапарла мен түрлі фестивальдер бар.

Жалпы, театр ұжымының репертуарында 80-ге жуық спектакль бар. Оның тек 6-уы ғана қазақ тілінде екен.

Актолкын Солтанханкызы