Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі М.Жұмабаев ауданында болды

Техниканы жаңартпайды, жалақыны көтермейді, ал ауылды құлдыратып жібереді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мағжан Жұмабаев ауданының кейбір жауапсыз аграрийлерін сынға алды. Аймақ басшысы елді мекендерді аралап, кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жиын өткізді. Отырыс барысында тұрғындар жолдың сапасы мен жерді тиімді пайдалана білмейтін диқандарға қатысты шағымдарын білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Урожайность – это техника, минеральные удобрения и технология.

Осы үшеуі де біздің аграрийлердің жақсы өнім алуына сеп болды. Қазір диқандар дәнді дақылдарды гектарынан 16 жарым центнерден жинап жатыр. Астықты аймақ саналатын көрші Ақмола облысы – 10, ал қостанайлықтар, тіпті 7 центнерден алуда. Бұл шаруалар биыл әжептәуір шығындалды. Бұның барлығы минералды тыңайтқыштарды қолданбағанның салдарынан дейді өңір басшысы. Құмар Ақсақалов аялдаған «Ноғайбай» серіктестігінің алқаптары гектарынан 21 центнерден өнім беріп жатыр.

Марат Ташметов, «Ноғайбай» ЖШС агрономы, М.Жұмабаев ауданы:

– Минералды тыңайтқыштардың әсері бірден сезілді. Өнімділік артты. Биыл дәнді дақылдардың шығымдылығы – 2-3 центнерге, ал майлы өнімдердікі 1 центнерге артты. Жұмысты жалғастыратын боламыз.

Биыл минералды тыңайтқыштарды серіктестік алқаптардың 70 пайызына себеді. Мемлекет жұмсалатын қаржының жарты сомасын субсидияламақ. Қазір үкіметте сұйық тыңайтқыштарды сатып алу бойынша да көмек көрсету жайы қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, «Claas» неміс компаниясы теріскейде ауыл шаруашылығы машиналарын жинамақ. Нәтижесінде аграрийлер үшін техниканы екі есе төмен бағаға алу мүмкіндігі туындайды. Жалпы, ағымдағы жылы диқандардың ала жаздай өсірген дақылдары- тиімді бағамен саудаланады. Былтыр зығырдың бір тоннасы үшін шаруалар 90 мың теңге алса, биыл қалтаға 130 мың теңгеден түспек. Тіпті бидайдың құны артқан. 3-сұрыпты алтын дәнді – 77, 4-шісін 73 мыңға саудалауға болады. Бұл нанға әсер етпей қоймас. Осы ретте әлеуметтік нанның бағасын сол күйінде сақтау міндет деді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл төмендетілген бағамен 3 мың тонна ұн сатып алдық. Шара әлеуметтік нанның бағасын бірқалыпты ұстап тұру мақсатында жасалды. Дәл осындай шаруаны аудандарда да атқару қажет. Іске аграрийлердің де атсалысқаны абзал.

Жерден түскен пайда агроқұрылым басшыларының жаңа көліктеріне емес, жұмысшылардың жалақыларына жұмсалуы тиіс. Еңбеккерлермен ұжымдық келісімге отырып, шаруалардың құқығын қорғайтын кәсіподақ құру қажет. Қазір тиісті ұйымдар серіктестіктердің тек 7 пайызында ғана бар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен ауылдастардың жағдайы туралы да жиында сөз қозғалды. Тұрғындардың тұрмысына бейжай қарайтындар орындарынан кезек-кезек тұрғызылды. Гектардан 7-ақ центнер өнім алу көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Аймақ басшысы «Жетісу жер» серіктестігінің жұмысын сынға алды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жер сіздерге жалға берілген. Алқаптар халыққа, мемлекетке тиесілі. Сіздер – бар болғаны, оны уақытша пайдаланушысыздар. Сапалы жұмыс атқару қолдарыңыздан келмесе ауыл шаруашылығы саласынан кету керек. Не өздеріңізді, не адамдарды қинамаңыздар.

Жер оны тиімді игере алатын жандарға берілуі тиіс. Алқаптарда жұмыс істеуге ниеттілердің қатары аз емес.

Светлана Карабанова, «Северное зерно» ЖШС директоры:

– Келесі жылы ешкі фермасын іске қоспақ ойымыз бар. Қазір бізге құрылысқа қажетті жер бөлінді. Алайда, егінге алқап қарастырылмаған. Ешкілер кез келген дүниені жей бермейді, малға арнайы азық беру қажет.

Әлеуеті жоғары мұндай жобаларға қолдау көрсету керек. Құмар Ақсақалов мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді. Көктемде екті, күзде жинады, ал пайда қалтаға басылды. Осылайша, техника да жаңартылмайды. Аудандағы комбайн мен тракторлардың дені ескі, қолданыста болғандарына 10 жылдан асқан.

Ерболат Бекшенов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 9 айдың ішінде аграрийлер 1,6 млрд теңгеге 127 бірлік техника сатып алды. Мамлют ауданымен салыстырар болсақ, ондағы егістік алқаптарының аумағы 2,5 есеге аз. Бірақ, диқандар техника паркін су жаңа 186 бірлікке жаңартыпты. Бұл мақсатқа 4,5 млрд теңге жұмсаған.

Кәсіпорынды дамытпайды, төмен жалақы төлеп, ауылдарды шашыратып жібереді. Бұл жөнді жұмыс жасай алмайтын агроқұрылым басшыларына қатысты айтылып отыр. Сондықтан, тұрғындар ауылдан қалаға кетуде. Оны болдырмас үшін тиісті жағдай жасалуы қажет.
Бұл ретте жол жөндеу жұмыстарын да назарда ұстау қажет. Әсіресе, оның сапасына қатысты Ноғайбай би ауылдық округінің тұрғындары шағымдарын білдірді.

Дүйсентай Омаров:

–  Тендерді “Петропавл жолдары” серіктестігі жеңіп алды. Алайда, жұмыстары өте сылбыр жүргізілуде.

Сөйтсек, жолдың жөнделуіне ақмолалық “Көкшетау жолдары” жауапты. Тендерді ұтып алған серіктестік шаруаны өздері атқармай, жұмысқа қосалқы мердігерді тартқан.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруаның барысын бақылауда ұстау қажет қой. Жоспарға сай атқарылмай жатса, онда бірден айыппұл салу керек. Шығынға батқанда ғана олар іске жауаптылықтарын танытады.

Бизнес өкілдері белсенділігінің төмендігі де сынға ұшырады. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша ауданда тек бір іскердің ғана жобасы несиелендірілген. “Пальчик” жеке кәсіпкерлігі 17 млн теңгеге суды салқындататын аппарат сатып алыпты. Ол сүтті қайта өңдеу барысында пайдаланылады. Несие жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен берілген.

Ростислав Пальчик – “Пальчик” ЖК директорының орынбасары:

– Өз қаражатымызға мұндай қондырғыларды алу оңай емес. Мемлекеттің қолдауы мен субсидияларының арқасында бір орында тұрмай, дамуға мүмкіндік туып отыр.

Булаев майы мен ірімшігі жергілікті және елордалық тұрғындарға жақсы таныс. Дүкен сөрелерінен оны тез арада талап алады. Дегенмен, бәсекелестері де жоқ емес. Сондықтан, аталым аясын аясын кеңейту қажет. Табысты бизнес жүргізудің тағы бір сыры – адамдарға эксклюзив ұсынуда. Мұны Валерий Пузиков жақсы біледі.

Валерий Пузиков – “Пузикова” ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Біз баннер, кенеп, тақтайшалар мен мектептерге арналған стендтер сатамыз. Екі адамды жұмыспен қамтыдық. Дизайнер мен басып шығарушы еңбектенеді. Орташа жалақы – 80 мың теңге. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтеміз деген ойдамыз.

Өнімдеріне тұрғындар мен аудандық әкім тарапынан сұраныс жоғары. Бұрындары баннерге тапсырыс беру үшін олар облыс орталығына баратын. Кәсіпкердің сөзінше, бизнесті бір жолға қоюға мемлекеттік қолдау септесіпті. Іскер жан “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша несие алып, 250 мыңның грантын иеленген. Үкімет тарапынан қолдау баспанаға мұқтаждарға да көрсетіліп жатыр. Қазір ауданда 3 үйден тұратын кешен бөй көтеруде. Біреуі халық игілігіне тапсырылған. Мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Ал мына жерде қоныс аударушыларға арналып баспана көтеріліп жатыр. М.Жұмабаев ауданына алдағы уақытта 36 отбасы көшіп келеді. Үйлер жанұяларға жалға берілмек. Азаматтар жұмыспен қамтылып, балалары балабақша мен мектепке орналастырылады. Ал спортпен шұғылданамын дегендерге арнайы стадион бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әрбір аудан орталығында осындай стадион болуы қажет. Мұнда балалар мен жастар спортпен шұғылдануы керек. Біріншіліктерді де осында өткізу қажет.

Барынша тез әрі ыңғайлы. Қарақоғадағы кеден бекеті дәл осылай жұмыс істеуі тиіс. Оның жөндеу жұмыстарына 700 млн теңге бағытталыпты. Шекарадан жеңіл машиналар мен жүк көліктер бөлек-бөлек өтетін болады. Осылайша, ұзын-сонар кезек қалыптаспайды. Алайда, шаруаны мердігерлер аяқтауға асығар емес. Серіктестікке, тіпті 27 млн теңге көлемінде айыппұл да салынған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл Шымкент емес қой! Қашанға дейін созып жүресіңдер? Жаңбыр астында істелген жұмысты қабылдамайды.

Кеден бекетінің маңындағы жағдай да жаға ұстатарлық. Жердің кімге тиесілі екені белгісіз. Құмар Ақсақалов аймақты ретке келтіру қажеттігін қадап айтты.

Эльмира Сәдуақасова