Білім

“БЭСТ” гимназиясындағы келіспеушілік

Осыдан 10 жыл бұрын мектептің жөндеу жұмыстарына, пердесін жаңалауға, қағаз бен суға оқушылардан ақша жинау – үйреншікті дүние болатын. Алайда, мұндай істі білім ошақтары қазір қолға алса, басшылық жауапқа тартылатыны сөзсіз. Алайда, “БЭСТ” гимназиясын мұндай жаза айналып өтті. Осымен 20 жыл бойы ұл-қыздардың әке-шешелері жыл сайын 18 млн теңгедей қаржы жинайды екен.

Жуырда ғана фейсбук парақшасында “БЭСТ” гимназиясына қатысты пайда болған жазба қоғамның талқысына түсті. Бұл жолы республикалық жарыстан жеңіп келген оқушылар мақталған жоқ, олардың әке-шешелері құрып отырған ұйым сынға ұшырады. Әйтпегенде ше. Білім ошағының ата-аналар қауымы жыл сайын 18 млн теңгедей ақша жинайды екен. Мәселенің «Қызылжар-адалдық алаңы» кеңсесінде талқыланып жатқаны да сондықтан. Екі бірдей пәтер сатып алуға болатын бұл қаражат су, стақан мен қағаз сынды дүниелерге жаратылатын көрінеді. Тағы олимпиада жүлдегерлеріне сыйақы беріледі. Олардың саны гимназияда аз емес. 1 млн 130 мың былтыр осы мақсатқа жұмсалған.

Владимир Витченко – «Альянс» ҚБ төрағасы:

– Альянсқа мен биылдан бері төрағалық етемін. Мені барлық сынып ата-аналары таңдады. Сонда ұйымның қаншалықты қажет екенін сұрадым. Барлығы бірауыздан керек деп салды. Сондықтан, біз жұмысты жалғастырып жатырмыз. Қаржының қайда жұмсалғанын ашық түрде көруге болады.

Сөз оқу ошағының директорына да берілді. Ол қызметіне 2018 жылы кірісіпті. Альянстың жұмысынан хабардар болған басшы «ертең сұрақ туындамасын» деп ұйымды жаппақ болған. Алайда, қоғамдық бірлестіктің жұмысын тоқтату оңай шаруа емес. Заңды түрде тіркелген оларға Гүлнәр Арықпаева киліге де алмаймын дейді. Сондықтан, «Альянсты» өз жөніне қоя берген. Ұйыммен атқарылып жатқан іске облыстық білім басқармасы да араласа алмайды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Ұйым құрылғанда елдегі мектептердің жағдайы көңіл көншітпейтін. Сол уақытта осындай бірлестік ашылып, гимназияның материалдық-техникалық базасының нығаюына көп көмектесті. Бірақ, заман өзгеріп жатыр. Бүгінде білім ошағы жарақталған әрі қамқоршылық кеңесі бар. 2 жылдай жұмыс істеп келеді. Шаруасы бір жолға қойылды. Екеуінің міндеттері мен мақсаты ұқсас болса, «Альянстың» керегі бар ма деген заңды сұрақ туындайды.

Қамқоршылық кеңесінің альянсқа қарағанда құзыреттілігі кеңірек. Оның мүшелері, тіпті директорды тағайындауда өз ойларын білдіре алады екен. Сондай-ақ, қайырымдылық қорларынан келген ақшаны пайдаға жарату – осы ұйымның мойнында. Алайда, 20 жыл жұмыс істеп келе жатқан “Альянс” ұйымына ықпал ете алмайды.

Сайран Хамзин – “БЭСТ” гимназиясы жанындағы қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

– «Альянс» қаржысының 30 пайызы жалақыға жұмсалады. Әрі ұйым мектептің бір кабинетін жалға алуда. Бұл ақшаны тиімді жаратуға болады ғой?! Біз 18 млн-ның жұмсалуына қатыспаймыз. Оның қайда кетіп жатқанынан да хабарсызбыз.

Бірақ, “Альянс” жұмысын тоқтатпасын дейді Сайран Хамзин. Бар болғаны ұйыммен жиналатын ақшаны пайдалы жұмсау керек. Талқылауға ата-аналар қауымынан да өкілдер қатысты. Бірлестіктің шаруасына балта шабуға болмайды деп олар да байбалам салды.

Роза Тамасханова – ата-ана:

–  Альянспен қалыптасқан дәстүр бар. Сіздер соны бір мезетте үзіп тастағыларыңыз келеді. Болмайды ғой. Біз ақшаны ерікті түрде тапсырып жатырмыз.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Егер мектепке көмек көрсетемін деген ата-аналар мен түлектер болса, біз қарсы емеспіз, әрине. Ол үшін білім ошақтарының арнайы шоттары бар. Соған ақшаны аударсын. Кітап сатып әперемін десе де, мархабат. Альянсқа мүшелік ететіндердің барлығы ақшаны өз еріктерімен тапсырып отыр дейсіздер, ендеше соның қаншалықты рас екенін көрелік. Егер олар шынымен ай сайын 1,5 мыңды оқушылар үшін беріп отырса, бұл істерін жалғастырады ғой.

«Альянс» қоғамдық бірлестік болған соң да мемлекеттік орган басшылары ісін тоқтата алмайды. Бірақ, осындай ұсыныс жасауда. Ұйым өкілдері оған құлақ асар ма екен? Оны енді уақыт көрсетеді.

Эльмира Сәдуақасова