МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство 9 айды қорытындылады

Жыл басынан парақорлық үшін 27 солтүстікқазақстандық жазаланса, 9-ы – мемлекеттік органдардың басшылары. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 616 млн теңгеден асады. Бұл жайлы тілшілерге өңірлік ведомствоның басшысы Ернар Баянғазин айтты.

Жемқорлыққа қарсы өңірлік департамент қаңтардан бері облыс бойынша 105 қылмыстың бетін ашқан. 87-сі – парақорлық фактілері. Жазаланған 27 адамның 3-уі түрмеге қамалған, ал қалғандары ақшалай айыппұлмен құтылған. Ведомство басшылығына Ернар Баянғазин жуырда ғана келді. Жаңа басшы ең алдымен тексерістерді күшейткен. 2 айдың ішінде 6 бірдей мониторинг жүргізіліпті. Анықталған олқылықтар жететін.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Біз заңсыз баю мақсатында пойыз билеттерінің жасанды дефицитін жасау схемасын әшкереледік. Ауылдардағы су құбырлары мен мал қорымдарының жағдайларын тексеріп, нысандарға бөлінген бюджет қаржысының жұмсалуында бірқатар бұзушылықтар таптық.

Ал шенділеріміз әлі де пара алуға құмар. Жыл басталғалы мемлекеттік органдардың 9 басшысы әшкереленіпті. 4-уі – облыс, ал қалғандары қала мен аудан деңгейіндегі шенеуніктер. Көктемнен бері “Қазсушар” мекемесінің жергілікті филиалының директорына қатысты қылмыстық іс жүргізілуде. Ұзақ жыл өзекті тұрған ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесін шешудің орнына басшы ақша жымқырумен айналысқан. Арнайы схема құрған ол қарамағындағыларға жалған іссапарларды рәсімдеп, төлемдерді өзіне алған. Ол-ол ма, мемлекеттік сатып алулар мен жұмысшыларға сыйақы беруге бөлінген бюджет қаржысына да қол салған.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мемлекетке келтірілген шығын – 7 млн теңге. Күдіктіге бірнеше бап бойынша айып тағылды. Менің білуімше, бүгін облыстық сот экс-басшыға қатысты үкім шығаруы тиіс.

Ернар Баянғазиннің айтуынша, жемқорлық фактілерін болдырмау үшін ең алдымен профилактикалық шараларға екпін беру қажет. Мәселен, бұл бағытта “Қызылжар – адалдық алаңы” жұмыс істеп жатыр. Жобалық кеңсеге жыл басынан 250 теріскейлік жүгінген. Мәселелердің басым бөлігі іске жемқорлыққа қарсы департамент кіріскеннен кейін ғана шешілген көрінеді.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Мүгедектік бойынша есепте тұрған жандар шипайжайларға тиісті жолдамаларды алмаймыз деп шағымданды. Біз тез арада тексеріс жүргізіп, мәселенің мән-жайын анықтадық. Нәтижесінде, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 500 жолдама алды. 148 жарым жан шипайжаларда дем алып келсе, 70-тен астамы әлі тынығып жатыр.

Брифинг алаңында ведомство басшысы өңірде “Пара алма” атты акцияның бастау алғанын хабарлады. Ол жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыруға бағытталған. Акция аясында әлеуметтік желіде арнайы эстафета жүргізіледі. Ернар Баянғазин қоғам мен БАҚ-ты оған белсене қатысуға шақырды.

Саят Ермек