Білім

Киелі жерлердің қатары толығуда

Биыл өңіріміздегі киелі жерлер тізіміне тағы 8 нысан қосылған. Қасиетті орындар жайлы толыққанды мәліметті мәдениет басқармасының сайтынан білуге болады. Сондай-ақ, 21-ші орта мектеп оқушылары жасаған жобаның көмегімен сайтта сакралды нысандарды 3D форматында қарауға болады.

Алина Шверд – 8-ші сынып оқушысы. Ол былтыр облыс аумағындағы киелі жерлерді белгілі бір себеппен аралай алмайтын жандарға арнап 3D тур ұсыныпты. Осылайша жас дарын тұрғындарға / Ағынтай мен Қарасай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы және Абылайхан резиденциясы сынды ондаған нысанмен үйден шықпай-ақ танысуға мүмкіндік сыйлаған.

Алина Шверд – №21 орта мектебінің оқушысы:

– Жобаны ойластырып, қорғау үшін 1 ай көлемінде дайындалдық. Бұл орайда маған ұстазым мен мәдениет басқармасының мамандары көмектесті. Осылайша облыс бойынша жобам үздік атанып, қазіргі күні арнайы сайтта қолданысқа беріліп отыр. Ойымның жүзеге асқанына қуаныштымын.

Бұнымен 21-ші мектептің оқушылары шектелмепті. Биыл да киелі нысандар туралы сайысқа қатысып, “Ұлы даланың жеті қыры” атты жобаларын ұсынған. Оны 8-сыныптың ұл-қыздары тарих пәні ұстазымен бірге дайындапты.

Ерлан Мәкен – №21 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

– Жоба мектеп қабырғасында жүзеге асады. Яғни, енді 8-ші сынып оқушыларына “Ұлы даланың жеті қыры” атты қосымша сабақ беріледі. Аптасына бір рет өтетін факультативте біз әр аймаққа жеке тоқталып, аңыздар мен түрлі қызықты мағлұмат айтатын боламыз.

Аумағы 98 мың шаршы шақырымды құрайтын өңірімізде тамашалайтын қызық аз емес. Уақыт өткен сайын киелі жерлердің саны артып келеді. Мәселен, бүгінде өзге өңір немесе шет елден келген туристер үшін біз тарихи маңызға ие 33 бірдей орынды ұсына аламыз. Олардың 8-і облыстық сакралды картаға биыл еніпті.

Рақат Мәмбеталинов: СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының директоры:

– Биыл алғаш рет тарихи маңызға ие мекендердің қатарына табиғи орындар қосылды. Себебі, өңіріміздегі өзен-көлдердің басым бөлігі емдік қасиеттерімен белгілі. Осыған байланысты Имантау мен Шалқар, Меңгесер көлдері облыстық қасиетті жерлер картасына еніп отыр. Мысалы, соңғысына тоқталатын болсақ. Ондағы судың тұздылығы Өлі теңізбен бірдей.

Өңірдің киелі жерлер картасына енген нысандардың 21-імен облыстық мәдениет басқармасының сайтындағы 3D турда танысуға болады. Мамандардың сөзінше, жобаға көп ұзамай облыстағы барлық қасиетті орындар қосылмақ.

Актолкын Солтанханкызы