Балалар

Болашақ дизайнерлердің байқауы

Заманауи стильдегі интерьер мен көздің жауын алатын жиһаздар. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болашақ дизайнерлердің байқауы өтті. Сайысқа 15 жұмыс ұсынылды. Жас шеберлер өз ұстаздарымен бірге екі қабатты баспананың макетін жасап, оның ішін өз қалауларынша жабдықтады.

Пенопласт, ПВА, ыстық желім, пышақ, қайшы мен әлбетте, қарындаш. Партада, тіпті шыбық пен түсқағаздар да бар. Қазір жұмысқа қажетті құралдармен «қаруланған» болашақ дизайнерлер барлығын түгендеп жатыр. Бірер сәттен соң олар іске кіріспек. Бір қызығы, шаруаны балалар өздері ғана емес, мұғалімдерімен бірге тындыратын болады. Оқушылардың алдында жатқан дүниелерге қарап, 3 сағаттан соң екі қабатты үйдің боларына сену қиын-ақ. Бірақ, шығармашылық тандемге қойылған басты тапсырма – коттедж бен мансард тұрғызу емес, оның интерьерін жасау.

Олег Гайнуллин – қазылар алқасының мүшесі:

– Байқаудың тақырыбын қатысушылар алдын ала білді. Сондықтан, қажетті материалдардың барлығын өздерімен бірге әкелді. Жетіспей жатса, ұйымдастырушылар да керек-жарақпен бөлісетін болады. Оқушылар мен ұстаздардың басты мақсаты – үйдің макетін әдемі қылып жасап шығару. Әділ қазылар пропорцияның сақталуы, түстердің үйлесуіне мән беретін болады. Балкон, баспалдақты істеулеріне де мүмкіндік бар. Бірақ, босқа уақыт жоғалтып алулары мүмкін. Ерекше назар баспананың сыртына емес, ішіне, яғни интерьеріне аударылмақ.

Талап қатал болғанымен, қиялға еркіндік беруге болады. Бастысы, жұмыстың әрбір бөлігі бір-бірімен үйлескені абзал. Ерекшелік те ескеріледі. Сондықтан, «Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы Надежда Лаер африкалық стильді таңдапты. Түстердің палитрасы әр түрлі болғандықтан, туынды ертедегі және заманауи үлгілерден тұрмақ. Жас шебердің ерекше көзқарасына мұғалімі бірден қолдау білдіріпті. Қазір ұстаздың көмегімен Надя өзінің дизайнерлік арманын орындауда.

Надежда Лаер – «Дарын» мектеп-лицейінің оқушысы:

– Менің интерьерім қоңыр және қызғылт сары түстерден тұрады. Қазір жиһаздарды әзірлей бастадым. Орындықтарды пенопласттан қырқып, сыртын велюрмен қаптап жатырмын. Сондай-ақ, үйдің бөлмелеріне картиналарды ілмек ойым бар. Оны қағаз майлықтан жасаймын. Тағы баспана ішін жасанды гүлдермен безендіремін. Бастысы жиһаздардың барлығын дайындап қою қажет. Үш сағаттың ішінде аяқтап үлгеремін деген ойдамын.

Байқаудың алғашқы сағаты өтті. Пенопластардың барлығы дерлік жұмсалған. Біразы үйдің макетін жасауға кетсе, қалғанынан жиһаздар әзірленіп жатыр. Интерьерден бөлек, нысандардың өздері де қызығушылық тудырады. Оқушылардың бірі қарапайым коттедж «тұрғызса», енді бірі екіқабатты үйіне дөңгелек форма беріпті. Уақыт азайған сайын қатысушылардың шапшаңдылығы да артуда. Дәстүрлі конкурста жыл сайын бағын сынаймын дегендердің қатары артып келеді. Биыл қазылар алқасы 15 жұмыстың ішінен үздіктерін таңдаулары қажет.

Эльмира Сәдуақасова