Қоғам

“Jas Qalam” форумы өтті

Журналистика саласына қатысты жаңашылдықтар мен блог жүргізудің қыр-сыры. Петропавлда сенбі күні теріскейлік қыз-жігіттерге арналып «Жас қалам» форумы өтті. Шара барысында «жаңалықтар жаршысы» мен «блогерлік имиджді» қалыптастыру әдістері сөз болды.

Таңнан кешке дейін немесе бос уақыты бола қалса бүгінгілердің адамдары әлеуметтік желілерден бас көтермейді. Инстаграм, Вконтакте мен Фейсбук пайда болғанда жұртшылық оларды тамыр-таныс іздеп, араласу мақсатында қолданды. Қазірде қосымшалардың ақпараттық жағынан маңызы басым түсуде. Жеке блог, сторителлинг пен копирайтинг. Құлағымыз енді үйреніп келе жатқан сөздердің барлығы баяғы түсініктегі «пост» жазуға байланысты. Алайда, қазір оған деген талап күшейді.

Ақерке Берлібай – ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, медиа-тренер:

– Ең бірінші кезекте өзіңнің мақсатты аудиторияңды анықтап алу қажет. Жазылатын контент дәл осы оқырмандарға бейімделеді. Кейін пайдаланатын әлеуметтік желіні белгілеу қажет. Мәселен, Вконтакте – жасөспірімдердің платформасы. Жастар арасында ютуб, инстаграм мен телеграм танымалдылыққа ие. Тағы «Тик-ток» деген пайда болды. Заман ағымына бейімделіп, оқырмандардың сұранысын қанағаттандыра білу қажет.

Себебі, бәсекелестік артып барады. Бүгінде әлем бойынша 3,5 млрд адамның әлеуметтік парақшалары бар екен. Талаптың күшейтілгені оқырмандар тарапынан ғана емес, желілердің саясаты жағынан да білініп келеді. Мәселен, Инстаграм сапасы нашар фото жүктелсе, оны аудиторияның барлығына бірдей ұсынбайды екен. Сондықтан, суретке аса мән берген жөн. Жиілілікті де назарда ұстау қажет. Егер айына бір-ақ рет пост жазып тұрсаңыз, әлеуметтік желіден шеттетілесіз.

Әкім, министр, ұлттық компания директоры мен тіпті, ел президенттері. «Atameken Business» телеарнасының тілшісі Мөлдір Абдуалиева күнделікті басшылармен сұхбат құрып, түйіткілді мәселелердің шешілуіне қатысты сұраққа жауап алады. Журналистің телефон кітапшасы да осы тұлғалардың нөмірлеріне толы. Өзіңе жүктелген редакциялық міндетті мінсіз орындау жайында қазір нәзікжанды болашақ жаңалық жаршыларына баяндауда.

Мөлдір Абдуалиева – «Atameken Business» телеарнасының тілшісі:

– Жаңалықтар жаршысы болғандықтан, «эксклюзив» ұсыну өте маңызды. Ол үшін түрлі сала өкілдерімен жақсы қарым-қатынаста болу қажет. Материалды жарыққа шығарғаннан кейін де тақырыпты назарда ұстауы керек. Егер белгілі бір өзгерістер еніп жатса, халыққа жеткізуі тиіс. Мен күнделікті әлемде болып жатқан жаңашылдықтарға мониторинг жүргіземін.

Өмірін журналистика саласына арнағысы келетін жастарға арналған жоба былтыр еліміздің 4 аймағын қамтыпты. Биыл спикерлер 7 өңірді араламақ ниетте. Осылайша, болашақ жаңалық жаршылары мен сапалы контент блогерлерінің қатарын арттырмақ.

Эльмира Садвокасова