МТРА жаңалықтары

Аймақ басшысы іссапармен Тайынша ауданында болды

Аймақ басшысы іссапармен Тайыншада болды. Құмар Ақсақалов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен түрлі жобалардың жүзеге асу барысын бағамдады. Қазір мұнда жолдар жөнделіп, қоныс аударушыларға үйлер тұрғызылуда. Ал “Bio Operations” зауыты жыл соңында биоэтанол өндіруді бастайды.

“Bio Operations” сынды зауыттардың саны әлем бойынша 20-дан аспайды. Ал Қазақстанда ол жалғыз. Мұнда бидайдан ұн ғана емес, крахмал мен кілегей алынады. Айдың ортасында неміс мамандары келіп, өндірістің екінші желісін іске қоспақ. Сонда қуаттылық екі есеге артады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір зауыт жылына өнімнің 125 мың тоннасын шығарады. Екінші желі іске қосылса, көлем 250 мыңға жетпек. Мұнымен тоқтап қалмау керек. Ынта болса, қуаттылықты 300 мың тоннаға дейін жеткізуге болады.

Көлем артса, экспорт та ұлғаймақ. Бәсекелестік мүлде жоқ десек те болады. Ашылғанына бір жыл да толған жоқ, десе де зауыт қазірдің өзінде сыртқы нарыққа бойлай енуде.

Саят Ермек – тілші:

– Бір қарағанда цемент толы қаптар ма дерсің, бірақ бұл – дайын күйдегі бидай кілегейі, яғни глютен. дәл осындай қаптамаларда өнім экспортқа жіберіледі. Оны Ресей, Украина, Беларусь және Орта Азия елдері былай тұрсын, Еуропа мен АҚШ та қуана-қуана сатып алады.

“Bio Operations” өндірістің жаңа түрін меңгермекші. Көптен күткен биоэтанол өндірісі алдағы желтоқсанда іске қосылады. Мұндай өндірістің де баламасы елде жоқ. Қазір франциялық қондырғылар орнатылауда.

Алмас Қалимурзин – “Bio Operations” ЖШС коммерциялық директоры, Тайынша ауданы:

– Биоэтанол – бұл бензин өндірісінде қолданылатын өнім. Мәселен, германдық Е85-ші маркалы жанармайдың 85 пайызы – бензиннен, ал қалған 15 пайызы осы биоэтанолдан тұрады. Бұл – метанолдың экологиялық таза баламасы. Сондықтан, сұраныстың жоғары болатынына күмән жоқ.

“Bio Operations” зауытының бірнеше құрылтайшысы бар. Олардың арқасында Тайыншадағы ең ірі элеватордың бойына да қан жүгіріп отыр бүгінде. Оның сыйымдылығы 108 мың тоннаны құрайды. Қаңтардан бері тоқтап тұрған элеватор бірер күн бұрын аграрийлерден астықты қайта қабылдай бастады. Орылған өнімді кептіріп, сақтау – диқандар үшін қазір нағыз проблема және оны тез арада шешу керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір облыс бойынша 5 проблемалық элеватор бар. Бірнеше жыл болды, мәселе шешімін таппай, нысандар тоқтап тұр. Әрине, қайта іске қосу көп қаржыны қажет етеді. Десе де, оларды қалыпқа келтірмей болмайды. Өйткені, биылғы астық аса ылғалды.

Құмар Ақсақалов Тайыншадағы көпбейінді ауданаралық ауруханада да болды. Тайыншалықтар ғана емес, тағы 3 аудан тұрғындары тиісті ем мен диагностика алу үшін Петропавлға ағылмайды, осында келеді. Өйткені, ауруханада бүйрегінде ақауы бар жандарға арналған гемодиализ кабинеті бар. Әкім өткен аптада ашылған компьютерлік томография кабинетіне де кірді. Бұған дейін облыстық ауруханада тұрған аппарат жуырда осында жеткізілген.

Анатолий Рафальский – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

– Әсіресе, инсульттің алдын алып, тескерілуден өтуде таптырмас аппарат. Мұндай томограф ел бойынша бірде-бір аудандық ауруханада жоқ. Тіпті, Қарағанды мен Ақмола облыстарынан хабарласып, пациенттерін бізге жіберуді сұрап жатыр. Қуана қабылдаймыз. Кабинет 24 сағат бойы жұмыс істейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Петропавлда көпсалалы аурухана салып жатқанымызды білесіздер. Түрік инвесторлары онда су жаңа заманауи қондырғылар орнатады. Сонда шаһар мекемелеріндегі аппараттардың бәрін аудандарға жібереміз. Бұл томограф тек бастамасы ғана.

Жол жөндеу барысымен де танысты әкім. Тайынша-Чермошнянка трассасындағы жұмыстар көп ұзамай бітеді. Ал келер жылы көпшілік көптен күткен Қиялыға апарар жол қалыпқа келтірілмек. Мұның бәрі жақсы, әрине, бірақ ауыр жүк көліктерінің жөнделген жолдармен қатынауын шектеу керек дейді әкім. Мәселе заңнамалық түрде шешілуі тиіс. Өйтпесе, сапа қаншалықты жақсы болмасын, жабынды ұзаққа шыдамайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: 

– Әрбір оське жүктеме – 12-13 тоннадай. Бұл өтке көп, бір де бір жол шыдамайды. Транспорттық бақылау бар. Оның бүкіл облысқа тек 2 көлігі бар. Неге жетеді ол, нені қадағалайды? Жыл сайын республика бойынша жолдарға миллиардтаған ақша бөлінеді. Оны қалпында ұстап қалу керек қой, солай емес пе?

Ал жергілікті үш кәсіпкер қоныс аударушылар мен жұмысшылары үшін 22 үй салып жатыр. Осылайша, Тайыншаның шетінде білдей бір шағын аудан бой көтеруде. Бизнес қаражатына баспана тұрғызу – бізде ғана жүзеге асып жатқан пилоттық жоба. Ол ауылды көркейтуге бағытталған. Жергілікті билік жауапты іскер жандардың ақысын жемейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Үй салатын адамдарға 7 млн теңге көлемінде ақшасын бюджеттен қайтарамыз. Биыл 428, келесі жылы 700, ал 2021 жылы 1,5 мыңдай үй салатын боламыз. Көптен бері ауылда үйлер салынбаған, әрі жұмыс берушілерге тұрақты жұмыскерлер керек. Оларды сақтап қалу үшін әрине үй салып, жағдайын жасап беру керек.

Саят Ермек – тілші:

– Соя теріскей үшін таңсық дақыл. Оны игеруді біз биыл бастадық. Шамамен бір апта бұрын диқандар өнімді жинай бастаған. Қазір алқаптарда техника жүйткіп жүр.

Құмар Ақсақалов соя ору науқанының барысымен де танысты. Жаңа дақылдың шығымдылығы қуантады. Мәселен, “Вишневское” шаруашылығы бір гектардан, әзірге 17 центнерден алып жатыр. Өңір жетекшісінің сөзінше, берекелік бұдан төмен болса да, соя бидайға қарағанда екі есе көп пайда әкеледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сояның 1 тоннасы нарықта – 400 доллар, яғни шамамен 150 мың теңге тұрады. Гектар берекелігі 15 центнерді құрады десек, аграрий 1 гектардан 220 мың теңге табыс табады. Бұл гектардан 40 центнер бидай алғанмен тең. Яғни, бұл дақылды өсіру өте тиімді.

Осы орайда айта кетейік, өңір бойынша соя алқаптарының аумағы 15 мың гектар болса, 9 мыңнан астамы – Тайынша ауданында.

Саят Ермек