Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамлют ауданында сүт-тауарлы ферма ашылды

Қуаттылығы жоғары кәсіпорын. Мамлют ауданына қарасты Меңгесер ауылында сүт-тауарлы ферма ашылды. Өндіріс ошағы соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылған. Ал, “DairyPlan” бағдарламасы арқылы ірі қаралардың жағдайын бақылауда ұстауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Бұл – Становое-Новомихайловское бағыты. Болашақ курорт – Меңгесер жеріне апаратын тас жол 2017-де ғана жөндеуден өтіпті. Алайда, сапасы сын көтермейді. Сол себепті, іске жауапты «Гегарт» серіктестігі кепілдеме уақытына сәйкес жұмысқа қайта кіріскен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруаны өте нашар атқардыңыздар. Қазір жүргізіп жатқан жөндеулеріңіз де көңіл көншітпейді. Қанша қаржы құйылып жатыр? Ал, сіздер соны босқа шашып, игере алмайсыздар. Бірден жұмысты жақсы орындауға болады ғой! Енді сіздерге айыппұл салынады. Біз барлығын бақылауға аламыз. Алдағы уақытта прокуратура барлық бағыттарда атқарылып жатқан шаруаны тексеретін болады.

Мердігерлердің арасында жауапкершілік танытатындары бар. Алайда, олардың еңбегі бағаланбай жатады. Трассаны бірнеше жылдың ішінде жүк көліктері тоздырып, шұрқ-тесікке айналдырады. Енді бұған жол беруге болмайды деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Трассаларға жүк көліктеріне жүруге тыйым салатын арнайы белгілерді орнатыңыздар. Облыс аумағындағы жолдардың жүктемесін осылайша азайтатын боламыз. Келесі жылы бұл мақсатқа тиісті қаражат бөлінеді. Ауыр машиналар мен техника алқап бойындағы жолмен қатынасын.

Сапалы жол, тұрақты жұмыс орны мен таза ауыз су. Елдімекендіктердің жаппай қалаға көшпей, керісінше ауылда еңбектенуіне қажетті дүниелер осы. Тиісті жағдайды жасауға бүгінде жергілікті бизнесмендер де атсалысып жатыр. Токаревка селосының кәсіпкері Небиюла Сағандықов биыл тұрғындарды тіршілік көзімен қамту мақсатында орталықтандырылған су құбырын орнатыпты.

Рамиль Батырбаев – Мамлют аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

–  Былтыр сумен қамту жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл мақсатқа «Хуландой» серіктестігінің басшысы 7 млн теңге қаржы жұмсады. 14 колонка орнатылды. Қазіргі таңда тұрғындар үйлеріне тіршілік көзін тартып жатыр.

Ал, бұрындары тұрғындар тіршілік көзін алу үшін су мұнарасына келген екен. Бұл, әсіресе қыс уақытында қолайсыз болған. Енді 3 көшенің бойында бірнеше колонка жұмыс істеп тұр. Айына ауылдықтар ауыз су үшін бар-жоғы 200 теңгедей ақша төлейді. Ағайынның қамын жейтіндердің бірі – «Новомихайловское-2003» серіктестігінің басшысы Геннадий Щеголев. Жыл сайын кәсіпкер аталған селоны аббаттандыруға 20 млн қаржы жұмсайды екен. Ал, соңғы уақытта ол еңбеккерлеріне су жаңа баспана тұрғызуды қолға алған.

Геннадий Щеголев – «Новомихайловское-2003» ЖШС директоры:

– Үйдің аумағы – 130 шаршы метр. Ауылда су құбыры жоқ. Сондықтан, жерді қазып, сорғыш орнатамыз. Осылайша, нысанды тіршілік көзімен қамтимыз. Баспанаға барлық коммуникациялар тартылған. Ыстық, суық су мен душқа дейін ішінде. Оған қоса, ұзақ уақыт жанатын пешті қойдық. Үйдің құны – 14 млн теңге. Жартысын өз мойнымызға алдық. Қалған 50 пайызын тұрғындар 15 жылға бөліп төлейді.

Кәсіпкер 12 айда бір үйді қолданысқа тапсыруды дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін еңбеккерлеріне 7 бірдей баспананы тұрғызып беріпті. Лайықты өмірге қажетті жағдай жасалса, жұмысшылар да шаруаға білек сыбана кіріседі. Қазір серіктестіктің алқабындағы жұмыс қызу. Диқандар рапсты жинап жатыр. Гектар берекелігі, әзірге 20-25 центнерді құрауда. Жаңбырсыз өткен шілде мен тамыз айларынан кейін мұндай өнімді алу – көпке үлгі боларлық іс дейді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жауын-шашын аз болса да серіктестік дәнді дақылды гектарына 30 центнерден жинады. Қазір рапсты жинап жатыр. Бір гектарынан олар 360 мың теңгедей пайда табуда. Бұл – ауа райын сылтауратып қол қусырып отырмай, минералды және сұйық тыңайтқыштарды қолданып жұмыс істегеннің нәтижесі.

Аграрлы саланың әлеуеті жоғары бағыттарының бірі – мал шаруашылығы. Оны егістікпен қатар алу қажеттігін өңір жетекшісі әрдайым қадап айтады. Жүктелген міндетті «Мамбетов и К» КС орындап жатыр. Бүгін агроқұрылым су жаңа сүт-тауарлы ферманы іске қоспақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – әлемде пайдаланылып жатқан соңғы үлгідегі ферма. Біз өңірде осындай өндіріс ошақтарының қатарын көбейтуіміз қажет. Биыл 4 кәсіпорын іске қосылды. Келесі жылы тағы 10-ын тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, экспортқа шығаратын шикізаттың көлемін арттыру – жоспарда.

Мұндағы заманауи технологиялар шынымен де таң қалдырмай қоймайды. Еркебұлан Мамбетов өзге өңірлер мен мемлекеттерде пайдаланылатын аппараттарды жылдар бойы жіті зерттепті. Енді ең үздік дегенін өзінің өндіріс ошағында іске қосты. Немістік «DairyPlan» бағдарламасы әрбір сиырдың қанша сүт беретініне дейін көрсетеді.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

– С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетімен меморандумға отырдық. Оқу орны малдарға датчиктерді орнатты. Құрылғылар 5-6 жыл көлемінде жұмыс істемек. Заман игілігі ірі қараның дене температурасын, белсенділігін көрсетеді. Егер де көрсеткіштердің бірі төмендесе не болмаса жоғарыласа, ветеринардың телефонындағы бағдарламаға бірден хабар келеді.

Осылайша, мал дәрігері жүздеген сиырды тексермей, бірден жағдайы нашарына тез арада көмек көрсетеді. Телефон арқылы ірі қараның ғана жағдайын емес, алқапта жүйіткіп жүрген техниканы да бақылауда ұстауға болады екен. Аграрлы салаға жеткен цифрландыру, әсіресе мамандар үшін қолайлы. Заманауи технологиялармен жұмыс істеуге жастар да, үлкендер де құлшыныс танытуда. Бүгінде сүт-тауарлы фермада 35 адам екі қолға бір күрекпен қамтылған.

Людмила Ильина – «Мамбетов и К» КС операторы:

– Менің фермада еңбектеніп жүргеніме көп уақыт болған жоқ. Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақысы жақсы, бастысы тұрақты. Бұрындары сауыншы болып істеу қиын еді. Бүгінде заманауи технологиялардың арқасында үрдісті тек бақылап жүреміз деуге болады.

Сүт-тауарлы ферманы тұрғызуды агроқұрылым 2017 жылы қолға алыпты. Жобаны іске асыруға 2,3 млрд теңге бағытталған. Қаражаттың 80 пайызға жуығын серіктестік агронесиелік корпорация арқылы рәсімдепті.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

– Біздің жобамыз 600 сауынды сиырға шақталған. 600 бас симментал тұқымды сиырды өткен жылы әкелдік. Олар төлдеп, 200 бас бұзау алып жатырмыз.

Жылына бір сауынды сиырдан – 6 мың литр сүт алу жоспарда. Бір сөзбен айтқанда, мал шаруашылығының дәл осы түрі арқылы мол пайдаға кенелуге болады.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

–  Бүгінде сүттің бағасы 125 теңге. Бірақ симменталдардың сүті майлы болып келеді. Осылайша, 145 теңгеге тапсырып жатырмыз.

Кейін аймақ басшысы суының тұздылығы өлі теңізбен тепе-тең келетін Меңгесер көлінің маңын аббаттандыруға қатысты жоспармен танысты.

Руслан Аңбаев – Мамлют ауданының әкімі:

– Жобаның құны – 70 млн. Оны іске асыруға Еркебұлан Мамбетов пен Дмитрий Шарапаев бел буды. Қазір 16 бөлмелі қонақүйді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жыл сайын мұнда демалуға 2500-дей адам келеді.

Бұл ретте аймақ басшысы әкімдік тарапынан су және электр жүйесін орнатуға қатысты көмек көрсетілетінін жеткізді.

Эльмира Садвокасова