Қоғам

Қалада биыл балалар алаңқайы 51 аулаға орнатылды

Биыл Петропавлда 51 аулаға балалар алаңқайы салынып, 70 үйдің маңына асфальт төселген. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 550 млн теңге бөлініпті.

Н.Назарбаев көшесіндегі 211-ші үйдің алдына биыл балалар алаңқайы мен спорттық тренажерлар орнатылыпты. Тағы, аулаға жаңадан асфальт төселген. Бұған дейін ұсқынсыз күйде болған үй ауласы қазір біраз қалыпқа келді дейді ПИК төрайымы Светлана Солоненко.

Светлана Солоненко – ПИК төрайымы:

– Бұған дейін аулада бір ескі, сынған әткеншек болатын. Асфальттың жағдайын айтпай-ақ қояйын. Жаңбыр жауса болды маңай сазға айналатын. Қазір жағдай өзгерді. Негізі, бұл туралы ақпан айында облыс әкімінің есептік жиналысында жеткізген едік. Көріп тұрғандарыңыздай, базынамызға назар аударылып, ауламыз жаңа кейіпке енді.

Ал Кәрім Сүтішев көшесіндегі 17-ші үйдің маңында балалар алаңқайы бұрыннан бар. Бірақ, жергілікті ұл-қыздардың тағы бір арманы болыпты. Ол – футбол алаңы. Жеткіншектердің қалағаны үстіміздегі жылдың маусым айында орындалды.

Виталий Волков – ПИК төрағасы :

– Жылдың басында әкімдікке барып, ауламызға заманауи спорт алаңын салып беруді сұрадық. Енді мұнда біздің балаларымыздан бөлек көрші аулалардан да келіп ойнайды. Бәрі қуанышты.

Жалпы, биыл шаһарда аулаларды абаттандыру үшін қалалық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Тағы қосымша 150 млн бағытталып отыр. Бұл қаржыға біраз шаруа тындырылған екен.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұл қаржыға 70 аулада асфальт төселді. Қазіргі кезде жұмыстар аяқталып жатыр. Бұдан бөлек, 51 аулада балалар алаңқайлар орнатылды.

Ал өткен жылы қалада 100-ден астам үйдің алдына асфальт төселіп, 60 аулаға балалар алаңқайы орнатылған екен.

Дана  Ешкенова